Сағат белдеуі: eGov mobile қазақстандықтар арасында сауалнама өткізіп жатыр

Автор: Нұргүл Абай

Шағын ғана сауалнамада 5 сұрақ жазылған

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Электронды үкіметтің eGov mobile мобильді қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

eGov mobile-ға кіргеннен кейін төмендегі «хабарламалар» деген бөлімнен «сауалнамаларға» өтесіз. Сол жерде кеше ғана жарияланған жаңа сауалнама тұр. Ол «Хронометрика: күнделікті уақытты ұтымды пайдалану» деп аталады.

Бұл сауалнамада бас-аяғы бес сұрақ бар. «Қазіргі уақыт өлшеміне қатысты ойыңыз қандай? Сізге қай уақыт белдеуі ыңғайлы?» деген сауалдар қойылған.

Azattyq Rýhy редакциясы мобильді қосымша арқылы қазақстандықтар арасында кім сауалнама жүргізіп жатқанын және сауалнама нәтижелерін қалай және қашан көруге болатынын анықтап жатыр.

Жуырда ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа белдеу халыққа қалай әсер ететінін зерттеу үшін бюджеттен 160 млн теңге сұралғанын мәлімдеген болатын.