$ 495.2  522.34  4.94
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жалғыз ұлын әскерге жіберген депутат Наталья Дементьева Ислам дінін қабылдаған (ВИДЕО)

Биыл ол алғаш рет Ораза ұстаған

Жалғыз ұлын әскерге жіберген депутат Наталья Дементьева Ислам дінін қабылдаған (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында өмірі, қазақ тілі мен депутаттық қызметі жайлы айтып берді.

Депутат саясаттағы мансапқа аса үлкен жауапкершілікпен келгенін айтты.

«Осыған дейін мен 25 жыл білім саласында еңбек еттім. Ал депутаттық қызметке төрт жыл бұрын «Ассамблея» қоғамдық институты арқылы келдім. Президенттің тікелей тағайындалуымен 9 депутат іске кірісті. Біз елдегі этносааралық келісімді нығайту және осы бағыттағы жұмысты дамытуымыз керек болды. Кейін келесі шақырылымға «AMANAT» партиясы арқылы келдім. Партияның бағдарламасы мен тұжырымдамасын толығымен қолдаймын», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, ол 2002 жылдан бастап қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген.

«Кейін мектеп директорының орынбасары, лицей-мектебінің директоры болып қызмет істедім. Мен әлі күнге дейін ұстаздық жолымды, балаларды сағынамын. Себебі кез келген адам мұғалім бола алмайды. Ұстаздық қызметте оқушылардың тек біліміне ғана емес, психологиялық күйіне де назар аудару керек. Мұғалім болуды өзім армандап, осы бағыттағы миссиямды толық атқардым деп ойлаймын», - дейді Наталья Дементьева.

Ол Парламенттегі депутаттардың қазақ тілін жетік білу мәселесіне де тоқталды.

«Қазақ тілін толық меңгермеген, бірақ кәсіби біліктігі жоғары депутаттар да бар. Себебі қазақ тілін білетін кез келген адам өз ісінің шебері болмауы мүмкін. Мықты саясаткерлер қазақ тілін білмейтін жағдайлар кездеседі. Қандай да бір себептермен қазақ тілін әлі де меңгермей жүр делік. Бірақ өзінің елі мен жері үшін жанын беретін адамдар бар. Бұндай жағдайда қазақ тілін білмесе де, оларға мүмкіндік беру керек. Депутаттардың ішінде қазақ тілін меңгеруге тырысатындар көп. Депутаттық сауалдарын қиын болса да, қазақша айтып жүр. 10 жыл бұрын жағдай мұндай емес еді. Сондықтан депутаттар қазақ тілін меңгеруге тырыспайды деп айта алмаймын. Олардың ниеті бар», - дейді депутат.  

Наталья Дементьеваның айтуынша, қазақ тілін меңгеруден басқа, депутаттардың саяси білігі мен білімі, әлеуеті жоғары болуы керек.

«Тіл - қоғамдық құбылыс. Егер адамның оны меңгеруге ниеті болмаса, біз оны міндеттей алмаймыз. Оны шабыт деп те айтуға болады. Президентіміз де адамдардың ниеті болуы керек екенін айтқан еді. Қазақ тілі этносаралық тілге айналады. Сол күнге жетеміз. Бірақ оған асығыстықпен қарамау керек. Ол кезең-кезеңмен келуі керек. Себебі 30 жыл уақыт тарих үшін аз. Қазақ тілін жақсы меңгерген адамдар оны ерлік деп ойламайды. Бұл – қарапайым әрекет», - дейді Наталья Дементьева.

Депутаттың пікірінше, мемлекеттік тіл күнделікті қатынас тіліне айналады. Ол ерлік те емес, адамның жанынан шығатын қарапайым құбылыс. Мысалы, шетелге барғанда ағылшын тілін білетіндерді ешкім құрметтеп, қошеметтеп кетпейді.

«Біз 50-60 жасқа келген адамдарға қазақ тілін үйретеміз деп мәжбүрлемеуіміз керек. Себебі олардың психологиялық тұрғыда және тілді қабылдау жағынан қиындықтары бар. Қазақ тілі оңай тіл емес. Өте бай, фразеологиялық тіркестері көп тіл. Күннен күнге жаңа сөз, жаңа тіркестер пайда болады. Олардың барлығын білу мүмкін емес. Мен өзім орыс болсам да, орыс тілін жетік білемін деп айта алмаймын. Қандай да бір саланың маманын тыңдасаң, таныс емес сөздер кездеседі. Олардың мағынасын сөздіктен қарап кетемін», - дейді депутат.

Депутат мәжілісте журналистер мен блогерлердің өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінде сұрақ қоюына қатысты пікір айтты.

«Оны дұрыс деп есептемеймін. Ол адамдардың шыдамсыздығы және надандығы болуы мүмкін. Ол басқаларға деген құрметтің жоқтығы. Журналистер мен блогердің этикасын білу керек. Мен ондай блогерді құрметтей алмаймын. Себебі адам ретінде бір-біріне құрмет көрсету керек. Депутатар көп жыл еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосқан адамдар. Менің ойымша, блогерлердің мақсаты сұраққа жауап алу емес. Адамның беделін, абыройын түсіріп, ыңғайсыз жағдайға қою. Ең алдымен журналистер мен блогерлер этика мәселесін қарауы керек. Біз кез келген адамның тілін, мәдениетін құрметтеуіміз керек», - дейді Дементьева.

Депутат отбасы туралы алғаш рет сыр ақтара келе, баласы туралы және күйеуі бар екенін айтты. Жолдасы кәсіпкер, Ассамблеяның белсенді мүшесі екен.

«Біз күйеуіміз екеуміз екі қалада өмір сүріп жатырмыз. Ол Маңғыстауда кәсіподақта, мен осындамын. Ассамблеяның белсенді мүшесі. Еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүр. Баламыз 19 жаста, 3 апта бұрын әскерге аттанды. Әрине, баламызды уайымдап отырмыз. Дегенмен бұл шешім отаншылдық ұстанымға байланысты. Оны сөзбен емес, іспен дәлелдеуіміз керек. Қазіргі жастарды әскердің абыройын арттыру үшін Отан алдындағы борышын өтеуге жіберуіміз керек. Себебі әскер кез келген баладан ер-жігітті тәрбиелеп шығаратын қоғамдық институт. Адамгершілік, гуманистік қасиет қалыптастырады. Қазір 1 жылға әскери борышты өтеуге барады. Бұл тіпті аз. Бұрын 2 жылға кететін еді. Осы бір жылдың ішінде достық пен ата-анаға, өмірдің мәніне басқаша қарай бастайды. Қарапайым, бірақ адамға керек қасиеттерді қалыптастырады», - дейді Дементьева.

Депутат жігіттерді мектеп бітірген соң әскерге жіберу керек деген мәселені заңнамалық түрде қараса, қолдайтынын айтты.

«Мектеп бітірген соң баланы әскерге жіберу керек деп ойлаймын. Осылайша, шекарамыз да шегендеулі болады. Мен ислам дінін қабылдадым. Бұл шешімімді ешкімге айтқан да жоқпын. Өзімді дінді қатты ұстанатын мұсылманмын деп айта алмаймын. Оған дейін христиандықты да қатты ұстанбадым. Қазір дінге басқаша қараймын. Исламды қабылдағанда дінді бар жан-тәніммен қабылдадым. Екі жыл бойы өкінемін бе, жоқ па деп ойландым. Кейін 25 жыл бойы Ислам дініне жақын болғаныма өкінетініміне көзім жетті. Мұсылмандармен көп араластым, қазақ тілін меңгеру кезінде де бірге жүрдім. Осылайша, мұсылмандардың жан-дүниесі, Құран қызықтыра бастады. Исламды қабылдағаныма өкінбеймін. Сүрелерді жаттап жүремін. Биыл бірінші рет Ораза ұстадым. Әрине, бастапқыда қиын болды. Үш күннен кейін үйреніп кеттім. Адамның тәнін ғана емес, жанын да тазартатын қасиетті күндер болды»,- дейді Наталья Дементьева.

Депутаттың айтуынша, оның ата-анасы Ресейден келген адамдар. Анасының өмірден өткеніне 12 жыл өткен.

«Ол кісінің рухы менің жадымда, жүрегімде. Әкем Орынбордан көшіп келген. Қазір Көкштеау қаласында тұрады. Қарапайым отбасыдан шыққан адамдар. Өмір бойы жұмысшы болып істеді. Қазақ тіліне деген махаббатты марқұм анам ашқан. Себебі мектепте оқығанда қазақ тілінің маманы болуды ұсынды. Мен бастапқыда қарсы болдым. Өзім мектепте орысша білім алдым. Анам мені үгіттеп, тілді насихаттайтын өзге ұлт өкілі боласың деген еді. Осылайша, Шоқан Уәлиханов атындағы университетке қазақ тілінің маманы факультетіне алғашқы өзге ұлт ретінде оқуға түстім», - дейді Дементьева.

Ол бастапқыда қазақша білім алу қиынға соққанан айтты. Анасына талай оқу қиын екенін айтып, жылағанмын дейді.

«Ол кезде заңгер болу сәнге айналған еді. Анам ол мамандық бойынша жұмыс болмайтынын айтты. Кейін анама қарсы шыға алмай универсиетті тәмамдап шықтым. Ал мұғалім болғанда өзім ата-аналарға өз балаларына дұрыс бағыт беруді насихаттадым. Себебі ешбір ана өз баласына жамандық тілемейді. Ана баласына тек тәрбие ғана емес, бағыт та сілтеуі керек», - дейді ол.

Наталья Дементьева мүмкіндігі шектеулі балаларға арналғаен жоба жайлы айтып берді.

«Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған көптеген жоба бар. Бірақ қажетті деңгейге әлі де жеткен жоқпыз. Еуропада қоғам тарапынан көрсетілетін мүмкіндік пен жағдайлар мүлдем басқа. Сондықтан «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты фестивальді ұйымдастырғалы отырмыз. Ол сайыс та емес, біреу жеңілді, жеңді деп айта алмаймыз. Балалардың бәрі де  жеңімпаз.  Ерекше және сау балалар сайысқа бірге түседі. Осылайша, ерекше балаларды алаламай, барлығына бірдей жағдай жасалмақ. Жыл сайын бұл фестиваль жалғасын табады деп ойлаймыз. Яғни, қоғамда балалардың құқығы мен мүмкіндігі тең, бірдей деген ойды қалыптастырғымыз келеді», - деді Наталья Дементьева.

Ол партияның әйелдер кеңесі де қарқынды жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Әйелдер қанатының бағыттары өте көп. Әлеуметтік саланы, отбасылық-демографиялық жағдайды жақсарту, әйелдер құқықтарын қорғау, тұрмыстағы қарым-қатынасты дамыту бағыттары бар. Әйелдер қанаты жаңалық ашып жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ осы жұмысты жылдам әрі тиімді істеп, заңнамаға енгізу арқылы өзгерістерге бастау болып жатыр», - деп түйіндеді сөзін Наталья Дементьева.  

 

Серіктес жаңалықтары