$ 497.26  525.21  4.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Умраға апарамын»: Тараздың имамы екі қарияның қажылыққа жинаған 3000 долларын төрт айдан бері қайтармай жүр

Қанат Қуанышбеков ол ақшаны досына бере салған

«Умраға апарамын»: Тараздың имамы екі қарияның қажылыққа жинаған 3000 долларын төрт айдан бері қайтармай жүр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Танты ауылындағы «Танта баба» мешітінің имамы Қанат Қуанышбеков 2024 жылдың жазында Умраға барғысы келген ерлі-зайыпты қарияларды қажылыққа жіберемін деп, олардың зейнетақыдан жинаған 3000 долларын қолына алған. Бірақ, қариялар сол қалпы не кіші қажылыққа бара алмаған, не осы уақытқа дейін ақшасын қайтара алмаған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Күні кеше редакция Таразда тұратын, жастары тоқсанға таяған ерлі-зайыпты 3000 долларын имамға беріп, енді қайтара алмай жүргені туралы инсайд естіді. Бірден имамның және қариялардың байланыс нөмірін іздедік. Әртүрлі дереккөздерден екі тараптың да телефонын тауып, байланысқа шықтық.

Жасы 88-дегі отағасы тек телефон арқылы ғана сөйлесе алады екен. Оның өзінде де нақты қай БАҚ-тың тілшісі екенімізді, ақпаратты қайдан алғанымызды дұрыс түсіне алмады. Шамамен жарты сағат сұхбат берген ата-әже артынан «фамилиямыз көрінсе, әрі ол имамды бұрыннан танығандықтан, бұл мәселе туралы атымызды атап тұрып мақала жариялауға қарсымыз. Бізге ақшамызды қайтарса болды» деді. Дегенмен, «анонимді түрде оқиғаны баяндауға рұқсат бересіздер ме» деген соңғы сұрағымызға «жақсы» деген ишара танытты. 

Сол сәтте күні бойы қоңырауымызға жауап бермеген имам Қанат Қуанышбеков байланысқа шығып, имам бола тұра қариялардан 3000 доллар алғанын әрі оны әлі бермей жүргенін растады. Сондықтан бұл мақалада қариялардың сұхбатын жариялаған жоқпыз. Айта кетерлігі, қариялар Қанат Қуанышбеков олардың ақшасын 2024 жылдың шілдесінде алған деген ақпарат айтты. Ал, әлеуметтік желіде осы жылдың тамыз айында Қанат Қуанышбеков мешітте «Дін мен дәстүр» тақырыбында елу адамға уағыз айтқаны туралы ақпарат жүр. 

«Мен ақшаны алдым. Оны бір жолдас балама беріп, ала алмай қалдым. Енді ол жігіттің әке-шешесіне барып, түсіндіріп айттым, маған ақшаны 21-і күні (21 қараша күні) қайтаратын болды. Сол күні ата-апаға апарып беремін», - деді Қанат Қуанышбеков бізге телефон арқылы комментарий бере отырып.

Осы ретте Қуанышбековке «Сіз неге бұл кісілерді Умраға апаруға ат салыстыңыз. Мешіт имамдарының азаматтарды Умраға апаруы үшін ақша алуы заңды ма?» деген сұрақ қойдық.

«Ол кісілермен бұрын бір рет қажылыққа барғамыз. Сөйтіп, «қартайдық, ақшаны төлеп бер» деген соң ақшаларын алдым, сол кезде 3-4 күнге жолдас балам ақша сұрағанда бере салып едім. Арты осындай болып кетті», - деп жауап берді имам.  

«Яғни, сіз ол кісілерден қажылыққа деп 3000 доллар алдыңыз да, оны біреуге бердіңіз, ал берген кісіңіз қайтармай жүр ма?» дей отыра біз имамның нақты жауабын естігіміз келді. 

«Иә. Дұрыс. Ата-апаға 21 күні апарып беремін. Қазір аудандық мешітте жұмыс істеймін», - деді имам сөз соңында.

Біз бұл мәселеге қатысты Тараз қаласының прокуратурасы мен Тараз қаласының полиция департаментінен жауап күтіп отырмыз. Сонымен қатар, имамның бұл әрекеті Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ережесіне сай ма, жоқ па, білу үшін мүфтиятқа да сұрау саламыз.

Серіктес жаңалықтары