БҚО-да ауыл тұрғыны дәрігердің кесірінен мүгедек болып қалды
Сот барысында жәбірленуші дәрігерді кешіргенін айтты
Жәнібек аудандық соты Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша, яғни Медицина қызметкерінің өз кәсіби міндеттерін дұрыс орындамауына қатысты істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мой город сайтына сілтеме жасап.
Соттың хабарлауынша, айыпталушы аудандық ауруханада дәрігер-хирург болып жұмыс істеген. Емдеу-профилактикалық көмек көрсету оның кәсіби міндеттеріне тікелей кіргенімен, ол бұл міндеттеріне немқұрайлы қараған.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылғы 25 қазанда жәбірленуші сағат 18:25-те аяғын өндірісте жарақаттап алған. Оны ауруханаға жеткізіп, жарақат антисептикпен өңделген, некроздалған тіндер мен жараның шеттері тігіліп, қан ағу тоқтатылған. Алайда жара дренажданбаған, нәтижесінде іріңді экссудат ағуы жүзеге аспаған. Жарада сұйықтық жиналып, тіндер қысылып, инфекцияның дамуына ықпал еткен.
Осыған байланысты 2024 жылғы 10 қарашада жәбірленушінің жарақаттанған оң аяғын тобық деңгейінде кесуге тура келген.
Сот барысында жәбірленуші хирургтің материалдық шығынды өтегенін, медиация тәртібімен онымен татуласқанын, дәрігерді кешіріп, қылмыстық істі тоқтатуды сұраған мәлімдеме бергенін айтты.
«Сот қылмыстық іс материалдарын қарап, баға бере отырып, айыпталушы жасаған әрекетті ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатқызды», – деп хабарлады облыстық сот.
Осылайша, айыпталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, іс тоқтатылды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.