Қазақстандағы балалар 18-ге толғанда шотына кемі 18 млн теңге жиналуы керек – Асхат Аймағамбетов
Депутат бүгін өтіп жатқан әйелдер қанатының форумында осылай деді
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының бір жылы табысты болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Әлеуметтік-мәдени даму комитеті әйелдерге қатысты маңызды мәселелерді қамтиды. Ауқымды сұрақтарды бірге қарастырдық. Өңірдегі шағын идеялардың республикалық деңгейде қалай шешілгенін көріп, тәнті болып отырмыз. Ұсақ-түйек проблема демей, жалпы зерттеп, республикалық деңгейге жеткізіп, көп мәселе республикалық деңгейде шешілді»,- дейді Аймағамбетов.
Депутат сонымен қатар Қазақстанда тағы бір маңызды шешім заң жобасына енгенін айтып өтті. Айта кетейік, бүгін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева елімізде қамқоршылық органының штаты көбейетінін хабарлаған еді.
«Қорғаншылық және қамқоршылық органының штатын заңмен бекітуге қол жетті. Бұл ұсақ мәселе болып көрінсе де бірнеше жыл талқыланған. Бұл - балалар мен олардың балалық шағын қорғау. Бізде патронаттықтағы, жетім, ажырасқан отбасылардың балалары өте көп. Олардың тұруы, тәрбие алуы мен қарым-қатынасы сынды мәселелерді реттеумен осы орган айналысады»,- дейді Асхат Аймағамбетов.
Депутат сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұсынылған «Келешек» бағдарламасының тиімділігі жайлы айтып өтті.
«Елдегі балалар 18 жасқа толғанда олардың есепшотына кем дегенде 18 млн теңге жиналуы керек. Бұл да айтарлықтай көмек. «Ұлттық қор-балаларға» жобасы бойынша былтыр заң қабылдадық. Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалардың есебіне түседі. Осының бәрі біздің әйелдер қанаты атқарып отырған жұмыстар»,- дейді Аймағамбетов.
Айта кетейік,«AMANAT» партиясының жанынан құрылған әйелдер қанатының жұмысқа кіріскеніне бір жыл толды. Осыған орай бүгін Астанада «Әйелдер қанаты: Табысты жыл қорытындысы – ұлттық идеядан жаһандық ынтымаққа» атты тақырыпта форум өтіп жатыр.