$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тайсойғанда мұнай өндіру: депутат аймақтағы түйткілді мәселелерді көтерді

Ол қоғамдық тыңдау әділ өтуі керек деп отыр

Тайсойғанда мұнай өндіру: депутат аймақтағы түйткілді мәселелерді көтерді
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов ұлттық компанияның өңірдегі жұмысы жайлы айтып, халықтың мәселесін көтерді. Мәжілістің жалпы отырысында депутат үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Депутаттық сауалым Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ірі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрамына кіретін «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған учаскесінде мұнай өндіру іздеу-барлау жұмыстарына және мұнай өндіру жөніндегі келісімшартта жергілікті халықтың мүддесі мен құқықтарын ескеріп, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының әлеуметтік міндеттемелер алу қажеттілігі туралы болмақ», – деді депутат.

Оның айтуынша, «Ембімұнайгаз» өндірісінің болашағы әрине, жаңа кен орындарының ашылуымен байланысты. Бұл мәселені шешу үшін Тайсойған учаскесінде іздеу-барлау жұмыстары жоспарланып отыр.

«Ал осы Атырау облысы Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылдық округі Тайсойған құмы – төрт түлік малға жайлы және Ойыл өзенін бойлай отырған 8 ауылдық округтің тұрғындарының ауыз суын қамтамасыз етіп отырған жер асты тұщы су қоры орналасқан мекен. Тайсойған құмының Қазақстандағы басқа құмды аймақтардан өзгешелігі – Ойыл өзенінен бөлініп, құмды массивті жарып ағатын Жарыпшыққан өзені бар. Көктемде өр суы тасыған кезде өзеннің арнасынан шығып, қолдың саласындай қоқтыларға өр суы жайылады. Табиғи нәрі мен құнары сақталған Тайсойған құмы мен оның қырлық учаскелеріндегі жерасты тұщы су қорынан тәулігіне 20 611,3 текше метр су өндіруге болатыны анықталған», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, құм жиегінде қоныстанған 8 ауылдық округтің 20 мыңға жуық тұрғыны Тайсойған құмының жерасты тұщы су қорын ауыз су ретінде пайдаланып отыр.

«Ал қырлықтан шабылған құнарлы шөп қысқы мал азығына аудан шаруашылықтарынан басқа, көршілес Мақат, Жылыой аудандары, Атырау қаласы және Маңғыстау облысына дейін тасымалданады. Қызылқоға ауданы – облыстың мал шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған өңір. Тайсойған учаскесінен мұнай өндіруді бастағанда - Қызылқоға ауданының Тайсойған құмының жер асты тұщы су қорынан ауыз су ішіп отырған 20 мыңның үстінде халықтың су қоры тартылса және күнелтіс көзі төрт түлік малының жайылысы мұнайшылардың ауыр техникалармен тапталып, жерінің беткі құнары азып, қысқа шөп дайындайтын шүйгін шөбі жойылса, аудан халқының болашағы не болмақ?!» - деді депутат.

Оның айтуынша, алыстан дәлел іздемей-ақ, Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты мұнай өндіру басталған соң экологиясы бүлініп, туған жерінен үдере көшірген Қаратон, Сарқамыс және т.б. елдімекеннің күйін кешпейтініне компания кепілдік бере ала ма?

«Иә, болмаса Доссор кенішінің мұнайын өнеркәсіптік игеру 1911 жылдан бастау алатынын ескерсек, Мақат ауданының бүгінгі жағдайы, тозығы жеткен әлеуметтік нысандар, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер, Мақат, Доссор кенттерінің архитектуралық келбеті – ғасырлық тарихы бар «Ембімұнайгаз» компаниясының әлеуметтік қызметіне үлкен сын. Сөзімді қорыта келе, қақпақты қара қазан атанған киелі мекен Тайсойғаннан мұнай өндірілген жағдайда бірінші кезекте жергілікті халықтың мүддесі мен талаптары ескерілуі қажет деп есептеймін. Жоғарыда аталғандардың негізінде, төмендегідей ұсыныс-талаптарымды жолдаймын. Тайсойған учаскесінде мұнай өндіру іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу бойынша Қызылқоға ауданы тұрғындарымен ашық қоғамдық тыңдау өтуі қажет және ол дұрыс әділ өтуі тиіс. Халық тарапынан оң қолдау болғаннан кейін ғана іздеу-барлау жұмыстарына рұқсат етілуі тиіс деп есептеймін», - деді депутат.

Оның пікірінше, егер ашық қоғамдық тыңдауда, халық тарапынан Тайсойғаннан мұнай өндіруге келісім берілген жағдайда ең алдымен, Тайсойған учаскесіндегі жер асты тұщы су қоры орналасқан жерлерді, ондағы су қорының көлемін, мұнай өндірісінің жер асты тұщы су қорына әсері және оның болашақта қандай салдары болуына жаңадан ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет.

«Тайсойғанда мұнай өндірісі басталған жағдайда Қызылқоға ауданының тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мәселесі басымдыққа ие болуы қажет. Конституцияда «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» делінген. Сондықтан, «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамымен мен Атырау облыстық әкімдігі арасында екі жақты кепілдендірілген меморандум болуы талап етілуі қажет. Яғни, мұнай өндірілетін 30 жыл уақытта «ҚазМұнайГаз» Қызылқоға ауданына қажетті білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарын, тұрғын үй, инженерлік-инфрақұрылым желілерін, автокөлік жолдарын салу, ауыз сумен қамтуға қомақты қаржы салуы талап етілуі тиіс», - деді Әділ Жұбанов.

Серіктес жаңалықтары