Министр Светлана Жақыпова пікір білдірді
Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі күн тәртібінде тұр, бірақ оң шешім әлі қабылданбаған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметте өткен брифингте БАҚ өкілдері министрден ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың зейнет жасын төмендету мәселесі туралы сұрады.
«Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Біз әрдайым кеңесте осы мәселені көтереміз. Бірақ қәзір дәл осы аналар үшін зейнет жасы төмендейді деген оң шешім жоқ», - деп жауап берді Жақыпова.
Ол елімізде көпбалалы аналар 53 жасында зейнетке шығатынын атап өтті.
Осыған дейін еңбек министрі Қазақстанда мүгедектігі бар 732 мың адам тұратынын айтқан, оның ішінде 15%-ы – балалар. Соңғы үш жылда мүгедек балалар саны 11,4%-ға өскен.