Мүгедектігі бар кісілерге 2-ден 4 пайызға дейін кәсіпорындарда квота белгіленген
Мүгедектігі бар азаматтарға тиесілі жұмыс орнын бермей отырған кәсіпкерлердің тізімі жасалды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр Үкімет отырысынан кейінгі брифинг кезінде «жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар азаматтардың пайыздық көрсеткіші неліктен төмен» деген сұраққа жауап берді.
«Мүгедектігі бар кісілерге 2-ден 4 пайызға дейін кәсіпорындарда квота белгіленген. Егер штатында 50 адам жұмыс істейтін кәсіпорын болса, ол жерде 2 пайыз мүгедектігі бар кісілер жұмыс істеуі тиіс, 150 адам істесе, 4 пайызды құрауы керек. Біз өзіміздің жүйелер арқылы норманы орындамай отырған кәсіпкерлердің тізімін жасадық. Еңбек инспекторларына тізім беріледі. Кәсіпорынға әуелі жұмысқа қабілетті мүгедектігі бар адамды ұсынамыз, сізде бос жұмыс орны бар екен, бізде үміткер бар деп смс хабарлама жібереміз. Оны жасанды интеллект арқылы іске асырамыз», - деді министр.
Светлана Жақыпова сондай-ақ іске асырылып жатқан цифрлық жобалар арасында жаңа жұмыс орындарын құру мақсаты көзделгенін айтты.
«755 жоба шетелдік инвестициялар арқылы іске асып отыр, оған 33 трлн теңге қарастырылған. Соның ішінде 155 мың жұмыс орны ашылуы керек. Біз Оқу-ағарту министрлігімен бірге кәсіптік оқу орындарын жобаларға тіркейміз, қандай мамандар керек екенін жоспарладық. Мүгедектігі бар азаматтарды даярлап сол жұмыс орындарына орналастыру деген мақсат бар», - деді ол.