Жас ғалым өнеркәсіптік қалдықтардан топырақты құнартатын тыңайтқышты қалай әзірлегенін айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол көмір кен орнындағы қалдықтарды зерттеген

Фото: Ғылым және жоғарғ,ы білім министрлігі

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғылыми зерттеулер департаментінің ғылыми қызметкері, PhD докторы Бақыт Смайылов бес жылға жуық уақыт бойы өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу тақырыбын зерттеп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғалымның зерттеу жұмысының негізгі бағыты қалдықтарды өңдеп қана қоймай, құрамындағы бағалы компоненттерді бөліп алып, кәдеге жарату. Осылайша ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруде құнарлылықты көбейтіп, өнімділікті арттырудың жолын тапқан.

«Гуматқұрамдас тыңайтқышты сұйық күйінде пайдалану өсімдіктердің өнімділігін арттырып, топырақты құнарлы етуге көмектеседі. Бұл жұмыс Әділет министрлігінің жеке интеллектуалдық меншігі ретінде патенттелген», - дейді Смайылов.

Жақында жас ғалымның осы зерттеуіне негізделген «ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін құрамында гуматы бар тыңайтқыштар алу технологиясын әзірлеу» жобасы жоғары бағаланып, 2022-2024 жылдарға арналған Ғылым және жоғары білім министрлігінің жас ғалымдар байқауында грант жеңіп алған еді.

Жоба жақсы нәтиже көрсетті және біздің аймақтың фермерлерінің қызығушылығын тудырды.

«Ауыл шаруашылығында топырақ құнарлылығын арттыру - біздің елімізде өзекті міндет. Сондықтан мен өз жобамда қалдықтарда жинақталған заттарды қолданамын деп шештім. Біз Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Леңгір көмір кен орнының қалдықтарын зерттедік, нәтижесінде гумин қышқылдары алынды. Бұл органикалық қосылыстар органоминералды тыңайтқыштар үшін маңызды шикізат еді. Зерттеулер оң нәтиже берді және жоба өндіріске енгізілді. Оңтүстік өңірдің фермерлерімен бірге біз тыңайтқыштарды сынақтан өткіздік және нәтижелер топырақ құнарлылығының деңгейі жақсарып, өнімділік артқанын көрсетті», - деп атап өтті Бақыт Смайылов.

Ғалым жобаның зерттелу барысы жайлы қозғай отырып, жобадағы нақты зерттеудің нәтижелері туралы да айтып берген болатын.

«Қойылған міндеттерді шешу үшін қазіргі заманғы аналитикалық, термодинамикалық, химиялық, потенциометриялық, сондай-ақ есептеу, зертханалық және тәжірибелік-өндірістік әдістер Jeol JSM-6490l V маркалы сканерлеуші электронды микроскопты (SEM) пайдаланылды. Көппараметрлі портативті киберсканер (PCD 650 Eutech), IR- Фурье спектрометрі (Zhimadzu IR Prestige-21), дифференциалды термиялық анализатор (DTA) және INCAEnergy (Oxford Instruments) рентгендік энергия-дисперсиялық микроанализатор және басқа құрылғылар қолданылды», - дейді Бақыт Смайылов.

Оның айтуынша, жұмыстың осы кезеңінде бастапқы шикізаттың физика-химиялық сипаттамалары мен минералогиялық құрамы зерттелген.

«Қондырғылық зерттеулердің нәтижелері бойынша Ленгер кен орнының көмір қалдықтарының заттық және минералдық құрамы анықталды, %: ылғалдылық – 17,26, күл – 31,51 және органикалық заттар – 51,23. Бейорганикалық қышқылдар мен сілтілерді пайдалана отырып, көмір қалдықтарынан гумин қышқылдарын алу үрдісінің оңтайлы технологиялық көрсеткіштері (температура, ерітінділердің көлемі және концентрациясы, уақыты) анықталды және нақтыланды. Зерттеу барысында көмір қалдықтарының ыдырау дәрежесі 95,9%-ға дейін жететіні, нәтижесінде гумин қышқылының концентрациясы 49,13% құрайтыны анықталды. Көмір қалдықтарынан гуматқұрамдас тыңайтқыштар алу үрдісінің технологиялық көрсеткіштері анықталды және нақтыланды. Гумин қышқылы негізіндегі алынған гуматқұрамдас тыңайтқыштың құрамында -58,2% органикалық қосылыстар және калий - 19,4% бар. Алынған гуматқұрамдас тыңайтқыш топырақ құнарлылығы мен ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға оңтайлы әсер етеді», - дейді ол.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша келесі жаңа параметрлер анықталған:

  • «OutokumpuHSC6» бағдарламалық кешенін пайдалана отырып, тұз қышқылы ерітіндісіндегі көмір қалдықтарының ыдырауының термодинамикалық сипаттамалары анықталды;
  • эксперименттерді математикалық жоспарлау әдісін қолдана отырып, азот қышқылы ерітіндісіндегі Ленгер кен орнынан көмір қалдықтарының ыдырау процесінің оңтайлы параметрлері анықталды;
  •  гумин қышқылдары мен гуматтар алу үшін азот қышқылының ерітіндісіндегі көмір қалдықтарының ыдырау процесінің кинетикалық заңдылықтары анықталды.
  • құрамында гуматы бар тыңайтқыштар топырақтың құрылымына, қоректік заттар мен микроэлементтердің өсімдіктерге қол жетімді түрде жиналуына қатысатын, су және топырақ экожүйелеріндегі металдардың геохимиялық ағындарын реттеуге ықпал ететін гуминді заттардың жоғары құрамымен сипатталатыны анықталды.

Болашақта ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштарды шығару жоспарланып отыр.

«Жас ғалым» грантының иегері Бақыт Смайлов Өзбекстан Республикасының Ғылым Академиясы «қосымша бейорганикалық заттар мен материалдар технологиясы» мамандығы бойынша білім алған.

Жас ғалым Руза Ғылым Академиясының ғалымдарымен тығыз жұмыс жасай отырып, ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру үшін халықаралық ынтымақтастықты дамытады.