Облыстың қоғамдық бірлестіктері жұмыла жұмыс істеп жүр
Еліміз бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы аналар кеңесінің құрылғанына биыл 10 жыл толады. Кеңес аясында өңірлерде де атқарылып жатқан іс баршылық. Осы орайда Ақмола облысында атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы Ақмола облысы аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахинамен әңгімелескен едік, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айнұр Жахинаның айтуынша, осыдан біршама уақыт бұрын қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық тобының қатысуын күшейту мақсатында елімізде жаппай аналар кеңесі құрылған.
«Кеңес өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Еліміздегі Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша жұмыс істеп, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелік шараларды ұйымдастыру, қайырымдылық көрсету, ұлттық құндылықтарды сақтау, қоғамдағы ана мен әке рөлін айқындау, ұлттық дәстүрімізді жаңғырту секілді көптеген іс шараларда өздерінің орнын айқындап келеді», - дейді ол.
Ұлттың мәдениеті анадан басталады
«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын іске асыру аясында «Ақ жаулық – Аналардың символы» атты іс-шараны «Манас» этномәдени орталығымен бірлесіп өткіздік. Мерекелік концерт бағдарламасында қазақ, қырғыз, орыс тілдерінде әндер шырқалып, әр ұлттың билері де көрсетілді. Қалыңдықтың жаңа отбасына кіруі туралы көрініс және ата-аналар мен аға буынға деген құрмет туралы үлкен тәрбиелік мәні бар бейнефильм көрсетілді. Үлкен мемлекет кішкентай отбасылардан басталатынын ескерсек, әр отбасының татулығы, бірлігі, өзара сыйластығын қалыптастыру қажет. Ұлттық өнерді де насихаттауды ұмытпаймыз. «Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт» жобасын іске асыру аясында «Ақ орамал - Асыл аналардың аманаты» атты дөңгелек үстел өткіздік. Дөңгелек үстел жұмысының аясында Ақмола ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қыздарға және құрылыс техникумының студенттеріне арналған иірілген жіппен жұмыс бойынша көрме мен шеберлік сыныбын ұйымдастырды», - дейді кеңес төрайымы.
Сондай-ақ, «Еңбек адамы» идеясын ілгерілету және үлкен жетістіктерге жеткен танымал адамдармен танысу аясында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері үшін Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Анаргүл Қайыржанқызы Мұхамедрахимовамен «Менің жетістігім - менің нәтижем» атты кездесуі өтті, ол өзінің тәжірибесі, көпбалалы ана болу және кәсіпкерлік қызметпен табысты айналысып, оны қоғамдық қызметпен ұштастыру тәсілдері туралы айтып берген.
«Облыстағы білім беру мекемелерінде «Жасыл сертификат» жобасын іске асыру аясында «Нашақорлық індет – алдын алу міндет» тақырыбында ақпараттық-профилактикалық кездесулер өткізіп тұрамыз. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының полиция спикері-подполковнигі Р. Құрсанова есірткі заттарының, алкоголь мен темекіні пайдаланудың, нашақорлықтың жас ағзаға зиянды әсері туралы айтып, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуге шақырды», - дейді Айнұр Жахина.
Оның айтуынша, әйелдердің тарихи бейнелерін де жаңғыртып отыру парыз.
Осы орайда ақпан айында Бурабай ауданында аналар кеңесінің «Қазақ тарихында есімі қалған аналардың келбеті» атты форумы өтті. Форум бағдарламасында ауданның әйелдері мен қыздарының халықтық-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Бұдан әрі форум жұмысы «Тарихқа тағзым» №1 секциясымен жалғасты, онда Қазақстан тарихындағы көрнекті әйелдер тұлғалары туралы тақырыптар қозғалды. «Шамшырақ» қыздар клубы сахнада Б. Бекетайдың «Сенің де хақың бар, қайта тұрып жүгіруге» атты қазір қарқын алып келе жатқан ерте жүктілік мәселесі туралы авторлық қойылымын көрермендер назарына ұсынды. «Бүгінгі қазақ отбасының келбеті» секциясында қазіргі қоғамдағы отбасы мәселелері қозғалды, көпбалалы отбасылардың әл-ауқаты, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңыздылығы, балалардың қауіпсіздігі туралы айтылды, психологпен әңгіме жүргізілді», - дейді төрайым.
Айнұр Жахина аналар кеңесі еліміздегі әр мерекеге де белсенді атсалысатынын атап өтті.
«Алғыс айту күні қарсаңында еңбек ұжымдарындағы ақпараттық жұмысы аясында 5510 әскери бөлімінде әскери қызметшілермен кездесу өткізді. Іс-шара барысында Ассамблея мүшелері отансүйгіштіктің, Отанға адал қызмет етудің құндылығы туралы айтып, жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайту бойынша атқарылған жұмыстар туралы бөлісті. Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесі бірлесіп, Алғыс айту күні аясында аталар мен әжелер үшін «Аталарды құрметтейік» атты кездесу өткізді. Оның аясында асық ату, армрестлинг, дойбы бойынша жарыстар, қазақ халқының салт-дәстүрлері бойынша викторина өткізілді. Яғни біздің өткізетін әрбір шарамыздың қоғамға берері мол. Барынша қоғамды ізгілікке, мейірімділікке, ұлттық құндылыққа шақыруға бағытталған», - дейді ол.
Кеңес қызметкерлері елде болған табиғи апат сынды төтенше жағдай кезінде де қолғабысты аямағандардың қатарынан табылған.
«Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы көпбалалы отбасыларға қол ұшын созып, пәтер жалдап, киім-кешек, азық-түлікпен көмектестік. Оған дейін де мұндай шаралардан қалыс қалған емеспіз. Мәселен ақпан айының аяғында «Қоғамдық келісім» КММ базасында ҚХА «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында аналар кеңесінің Алғыс айту күніне арналған қайырымдылық іс-шарасы өтті. Іс-шара аясында балалардың фотосуреттері мен суреттерінің көрмесі, қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілді, түскен қаражат есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №4 арнайы мектеп интернатының оқушысы, ДЦП дианозы бар Әлиасқар Әміржановқа жұмсалды, сондай-ақ қайырымдылық концерт өткізілді», - дейді ол.
Сонымен қатар, «Наурызама» онкүндігін мерекелеу аясында қайырымдылық акциясы өткізілген. Онда Көкшетау қаласының аналар үйінде балалар мен аналарға арналған ҚХАА жанындағы Аналар кеңесі «Қоғамдық келісім» КММ-мен бірлесе отырып «Балаларға жылу сыйла» акция барысында мерекелік үстел мен естелік сыйлықтар ұйымдастырылды.
«Қайырымдылық - білектен, мейірімді іс - жүректен. Қайырымдылық күніне орай да талай ізгілікті шараларға ұйытқы болдық. Қосшы, Степногорск, Целиноград, Ерейментау, Зеренді, Бурабай ауданының Аналар кеңесінің мүшелері және еріктілері әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларды қуантып, азық-түліктер табыстады. «Батагөй» тіл мәдениетін дамыту, қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеу мақсатында Аналар кеңесі мен «Инклюзивті ата-аналар» бірлесе отыра Наурыз мерекесіне орай «Наурыз бата» челленджін ұйымдастырды. Су тасқыны кезінде де «Жүректен жүрекке» ауқымды акциясына, жұртқа жан-жақты көмек беру мақсатында құрылған республикалық және аймақтық штабтары құрылып, су тасқыны кезінде де елден қалыс қалмай, біз де апат болған аймақтарға азық-түлік, киім-кешек пен қайырымдылық және гуманитарлық көмек көрсеттік», - дейді Айнұр Жахина.
Әжелер кеңесінің өнегесі
Спикердің айтуынша, Ақмола облысы Аналар кеңесі жанынан ашылған Әжелер кеңесі «Әжемнің ертегісі» деген жоба да бар, яғни бұл жерде әжелеріміз балабақшаларға барып, балаларға ертегілер айтып береді.
«Бесік жырын айта алмайтын аналарымыз бен өзінің немересіне ертегі айта алмаған әжелеріміздің де бала кездерінде бесік жыры мен ертегіге сусындап өспегені айдан анық. Ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап, ертегіге құлақ құршынын қандырып, қанатына жан бітіріп өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасқанымен қоймай, олар өзінің келер ұрпағының бойына дарыта сіңірген өнегелі әңгімелерімен, ұлттық қолөнері мен таңғажайып ертегілерін паш етіп тәрбиелер еді. Аналар кеңесінің мүшесі Гүлбара Нұрқанова «Әже тәрбиесі – ұлылықтың дәні» жобасы аясында «Дана бала» жазғы туристік этнолагерь балаларына «Ұршық иіруден» шеберлік сағатын өткізді. Аталған іс-шара қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнерін қайта жаңғырту, жүнді өңдеу, оны ұршықпен иіру арқылы жіп алуға болатынын, жіптен түрлі бұйымдар жасауға болатынын насихаттау мақсатында өткізілді», - дейді ол.
Жахина атағандай, Ақмола облысы Аналар кеңесі, Ақмола облысы Әйелдер күші Альянсы бірлесе ұйымдастырған «Сырласу» ұлттық құндылықты жаңғырту, дамыту бағытындағы «Самаурын шәйі» іс-шарасы өткен.
«Киіз үйде қазақтың ұлттық тағамдары «Қарын берме», «Борша», «Шытырлақ», «Балқаймақ», «Бауырсақ», «Қоспа», «Құрт» сынды ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, самауырыннан шай ішілді. Жиынға көшбасшы әйелдеріміз, көпбалалы аналарымыз ұлттық үлгіде киім киіп, әшекей бұйымдарын тағып келді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Ақмола облысының әйелдер күші альянсының бастамасымен өңірімізде өріс тапқан әр санаттағы әйелдерді қолдауға бағытталған «Сырласу» жобасының самауырын шай басындағы отырысты Анаргүл Хаиржанқызы Мухамедрахимова, Айнұр Құрманбайқызы Жахина, Раушан Салимовна Тұрановалар ұрпақтар сабақтастығы, ата бабамыздың тәрбиесі, сөз қасиеті, сөз қадірі, тарихтағы көшбасшы әйелдер, салт-дәстүр, әдет ғұрыптар сынды тақырыптарда әңгіме өрбітті», - дейді ол.
Төрайымның айтуынша, ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары.
«Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Біздің ата-баларымыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі - әлемде теңдесі жоқ тәрбие десек артық айтқандық емес. Баланың жастайынан ұлттық құндылықтарды дәріптеуінің, елімізді, туған жерімізді, дініміз бен тілімізді құрметтеуінің негізі осы ұлттық тәрбиенің негізінде жатыр. Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат тәрбиелеу үшін ұлттық құндылықтарымызды басшылыққа алу қажет. Оның маңыздылығы мен қажеттілігі зор. Біз үшін еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына. Осы ұлттық тәрбиені балалардың бойына сіңіру мақсатында Ақмола облысы Аналар кеңесі жанынан ашылған Әжелер кеңесі «Әжемнің ертегісі» жобасы негізінде Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен әжелеріміз қала балабақшаларында кішкентай балапандарға ертегілер айтып береді. Қорыта айтқанда, қазіргі заманда бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін, алдымен, өзіміздің ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, мәдениетімізді сақтай отырып, келешек ұрпақты сол арқылы рухани адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Салауатты да саналы ұрпақ қамын ойлар болсақ, сол қоғам иелерін жан-жақты, ақыл парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ұстаздың, әрбір ата-ананың қоғам алдындағы борышы деп білеміз», - дейді Айнұр Жахина.
Оның айтуынша, «Мектепке жол» республикалық акциясына да қалалық, аудандық аналар кеңесі мүшелері бей жәй қараған емес.
«Осы акцияға Ақмола облысы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары, атап айтқанда, «Манас» қырғыз, «Чинсон» корей, «Бари» армян этномәдени орталықтары, Аналар кеңесі белсенді қатысты, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды жинап мектеп сөмкесі, оқу құралдары түрінде сыйлық жасады. Толық қамтылмаған отбасыларға, көпбалалы отбасыларына , киім-кешек табыстады», - дейді ол.
Ол атағандай, маусым айының үшінші жексенбісі - әкелер күні деп белгіленген.
«Осы орайда Зеренді ауданының ішкі саясат бөлімі және ауданның Әкелер кеңесінің төрағасы Сәндібек Нұршәріпұлымен бірлесе ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағы» атты аудандық форум өтті. Форум барысында Зеренді ауданы әкімі Ә.Жақсылықовтың атынан орынбасары Қ.Жүсіпов қатысушылар мен спикерлерді айтулы күнмен құттықтады. Ақмола облыстық әкелер одағының төрағасы Е.Зәкіриянов, Көкшетау қаласы әкелер кеңесінің төрағасы Б.Алмасбек, Ақмола облыстық Аналар кеңесінің төрайымы А.Құрманбайқызы және де аудандық әкелер кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен форумда отбасындағы әкенің рөлі және тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы кеңінен талқыланды. Диалог алаңында сұрақ-жауаптар болып, пікір алмасулар өтті», - дейді ол.
Айнұр Жахина айтқандай, қоғамның әлеуметтік кеселдері нашақорлыққа, құмарлыққа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, буллинге және ысырапшылдыққа жүйелі түрде қарсы тұру мақсатында қоғамды сауықтыруға бағытталған жобалар да баршылық.
Олар жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайту, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға ықпал жасап, түсіндірме жұмыстарын көптеп жүргізуге шақырған.
Ал «Салауатты сана» жобасы аясында өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды асырап алушы ата-аналарға оқыту сабақтары өткізілді. Болашақ асырап алушы ата-аналардың айтуынша, оқыту сабақтары оларға өзіне деген сенімділікті арттырады, көптеген жаңа және пайдалы нәрселерді білуге көмектеседі.
Сонымен қатар ол жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған азаматтармен жұмыс істеуге арналған құзіреттілік курстар орталығы бар екенін айтты.
Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахинаның және «Құқық» кафедрасының меңгерушісі, Ақмола облысы аналар кеңесінің мүшесі Бағдат Рахметулинаның ұйымдастыруымен белгілі қоғам қайраткері, «Қара шаңырақ» РҚБ директоры, этнолог-тарихшы, ҚР журналистер Одағының мүшесі Шәкен Тұрар Саттарқызы «Ұлттық құндылықтары. Қызға қырық үйден тыю» тақырыбында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен онлайн дәріс өткізген.
«Біздің ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі - әлемде теңдесі жоқ тәрбие десек артық айтқандық емес. Бүгінгі ана – кешегі бойжеткен қыз – ертеңгі асыл әже. Демек, бүгінгі қыздардың қолында бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр. Баланың жастайынан ұлттық құндылықтарды дәріптеуінің, елімізді, туған жерімізді, дініміз бен тілімізді құрметтеуінің негізі осы ұлттық тәрбиенің негізінде жатыр. Әрбір мәдениетті, білімді адам өзінің кәсіптік, дүниетанымдық деңгейін ұлттық мәдениетпен ұштастыра білуге міндетті», - дейді ол.
Сонымен қатар аналар кеңесінің мүшелері Республика күніне орай Көкшетау қаласының қиын жағдайға тап болған Аналар үйіне қайырымдылық іс-шара жасаған. Бұл шараның мақсаты — әлеуметтік жағдайы төмен, қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқан аналар мен балаларға қолдау көрсету, оларға қуаныш сыйлау.
Айнұр Жахина ҚХА «Салаутты сана» жобасы мен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында студенттермен нашақорлық, құмар ойындар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық қоғамынан бас тарту бойынша Көкшетау университетінің тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының студенттерімен кездесу өткізген.
«Кездесу барысында студенттерге қоғамдағы әдеуметтік келеңсіздіктерге: нашақорлық, құмар ойындар, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылық, вандализм, ысырапшылдыққа қарсы тұруға, этникалық, діни, әлеуметтік қатыстылығына қарамастан оларды деструктивті мінез-құлық үлгілерінен және аталған әлеуметтік кеселдердің алдын алу, қоғамға бұл әрекеттердің себеп-салдары мен келтіретін зиянын түсіндіру, бұл қоғамдық дерттерге қарсы тұрудың жолдарын көрсету, оған қарсы тұру жолдары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, дәрістер оқылды», - дейді ол.
Жахина атағандай, «Аналар үйіне» кішкентай балаларды 40-нан шығарып, тұсауын кесіп, аяғы ауыр болашақ аналарға құрсақ шашу, құрсақ той, тілашар жасап, сыйлықтар, азық-түлік, киім-кешек апарады. Қарттар үйіне, көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға көмек көрсетіліп тұрады.
«Мектептерде ата-аналар жиналыстарына қатысып отырамыз, Мектеп оқушыларымен «Бұрымды қыз» байқауы, «Қыз намысы - ұлт намысы» сырласу кештері, «Қыз бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың алатын орны ерекше» ашық ой алаңдары бар», - дейді төрайым.
Айнұр Жахина атағандай, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Құндылықтар негізінде тәрбие беру – заман талабы» республикалық ғылыми-практикалық конференция өткен.
«Іс-шарада Ақмола облысының білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру шеңберінде тәрбиенің өзекті мәселелері талқыланады. Бұл бағдарламаның тұжырымдамасы білім беру ұйымдарында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңірген еңбекқор, адал, саналы азаматты тәрбиелеуге бағытталған. Конференцияның міндеттері жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие процесін дамыту және арттыру болып саналады және білім беру жүйесінің барлық деңгейінде ұлттық тәрбие мен оқытудың үздіксіздігі мен сабақтастығын күшейту және қамтамасыз ету. Облыстағы 537 мектептің ата-аналары педагогикалық қолдау орталықтармен бірлесіп, білім беру ұйымдарында жылына 2 рет «Отбасы сағаты» республикалық акциясын өткізеді, ал ата-аналар арасынан ең белсенді қатысушылар мектептердің Қамқоршылық кеңестеріне кірді. Отбасылық клубтардың жұмысына қосымша 54 Әкелер кеңесі қосылды», - дейді ол.
Айнұр Жахина айтқандай, Ақмола облысындағы барлық қоғамдық бірлестік жұмыла жұмыс істеп жатыр.
«Атап айтар болсақ, Ақмола облысы Әйелдер күші Альянсынан Анаргүл Қайыржанқызы, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық ата-аналар бірлестігінен Айгүл Қайратқызы, «Зерделі ұрпақ» жобасынан Гүлнәр Кәкенқызы, әкелер одағынан Ерлан Жәкімұлы, сол сияқты іскер әйелдер қауымдастығының, асыл аналар көпбалалы аналар қауымдастығының мүшелері бірігіп бірге, жұмыла жұмыс істеп жатырмыз. Өңірдің, елдің көркеюі жолында тынбай еңбек етіп жүрген азаматтарды атап өткім келеді», - дейді Айнұр Жахина.
Ұлттық құндылықтың бесігі – отбасы
Оның айтуынша, балаға берілетін тәрбие үздіксіз, толассыз процесс екені белгілі.
«Отансүйгіштік және қайырымдылық жасауға баулу - қазақтың отбасынан берілетін тәрбие. Отбасы институтының осы негізде атқаратын міндеті зор. Ал отбасынан бастау алатын тәрбиенің ары қарай дамып, жетіліп, жаңарып жеткіншектің бар болмысына сіңіру, ұлттық құндылықтан адасып қалмау деген мәселелер өз кезегінде мемлекеттің тікелей бақылауында жүзеге асады. Олай дейтін себебім, қазақ отбасынан шыққан бала үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, қолдау жасау, атаның, ананың айтқанын орындау, әкенің анаға қарым-қатынасы, үлкеннің кішіге қарым-қатынасы сияқты тағлымы мол ортадан тәрбиенің тәжірибелік нысанын көріп өседі. Одан кейін бала оқу орындарында жалғасын табатын тәрбие үрдісінде өзін жан-жақты сараптай бастайды», - дейді кеңес төрайымы.
Ол ел жастарын патриоттылыққа тәрбиелеу бойынша қандай жұмыс істелуі керегін айтты.
«Жастарды патриотизмге тәрбиелеу Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді әлеуетті мемлекеттік жастар саясаты бағыттарының бірі десек, осы тұрғыда өсіп келе жатқан ұрпақтың да бойына патротизм құндылықтарын сіңіріп, оның жалғасуы аса маңызға ие. Жастарды патриотизм мен қайырымдылық жасауға қалай тәрбиелей аламыз? Әрине, бұл сауалға былай-былай тәрбие беремін деп айта салу қиын және жалған. Қандай тәрбие болсын отбасынан алып келген жастарға біз әртүрлі жағдайдағы отбасыларға ертіп барып, қиын кезеңдерге тап болған адамдар тағдырын көздерімен көруге ертіп барамыз. Сонымен қатар біз өз тарапымыздан құр қол бармай арнайы қажетті дүниелерді ала барып үлестіреміз. Міне, бұл әрекеттерді оларда өз көздерімен көреді, үйренеді, тағлым алады», - дейді Айнұр Жахина.
Оның айтуынша, кеңес қаржылай емес, оларда өз тарапынан қолдау көрсетіп, үй маңына, тазалық жұмыстарына араласып, көмектерін көрсетіп жатады.
«Бұл әрекеттердің өзі қоғамдық тәрбие арқылы жастар бойына өз елінің азаматына, өз еліне деген, жеріне деген жанашырлық пен қайырымдылық сезімдерін оятып, жақсылық жасау деген патриоттыққа жетелейді. Кез келген қазақ елін мекендеп жатқан ұлт оның, яғни Қазақстанның азаматы. Олай дейтін себебім, сонау 1930 жылдан кейін Қазақстан жеріне сырт өлкеден өзге ұлттармен аралас халық толассыз келумен болды. 1937-1944 жылдары тұтас халықтарды ата жұрттарынан Қазақстан аумағына күштеп көшіру науқаны жүргізілді. 1937 жылы алғашқылардың бірі болып Қиыр Шығыстағы корейлер көшірілді. Олар негізінен Қазақстанның Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс аудандарына қоныстандырыла бастады. Бұдан кейін Қазақстанға басқа халықтардың көп мөлшерде көшіп келуі 1954-1956 жылдары тың жерлерін игеру кезеңінде және 1959-1965 жылдары өнеркәсіп нысандарын қарқынды салу кезінде көбейді», - дейді тарихшы.
Осылайша, Қазақстан аумағы жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұратын мекенге айналған.
«Қазақстан 130-дан артық ұлт пен ұлыстың басын қосқан қасиетті мекен, сонымен қатар әлемдегі елдер алдында беделі де асқақтап, түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, татулық пен бейбітшіліктің, бірлік пен ынтымақтастықтың ұйлыққан отаны ретінде үлгі болып отыр. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды ана тілін, тарихын, салт-дəстүрін жетік білетін, құрметтейтін, жанашырлық, сенімділік, намысшылдық секілді мінезді бойына сіңірген ұрпақты қалыптастыру арқылы ғана əлемдік деңгейге көтере аламыз. «Әралуандықтағы бірлік» қағидаты 100-ден астам этносты, олардың мәдениеті мен дәстүрлерін қамтиды. Тарлан тарихты басынан өткізген елдің негізгі моделі де бірлік пен татулық екені белгілі. Ең бастысы елімізде оқшалау стратегиясын ұстанатын этностар жоқ. Негізгі тәрбие мен білімнің, ұлт құндылықтарының нәрін жоғалтпай жалғастырып келе жатқан ұлттық институт, бірден-бір өнеге көрсетіп отырған елміз деп мақтанышпен айтуға тұрарлық», - дейді сарапшы.
Жахинаның айтуынша, тарихи отанына оралған қандастармен, өзге ұлт өкілдерінің ішіндегілердің басым бөлігінің тілі де, діні де, ұстанатын қағидаттары да бірдей.
«Сол себепті олар өзіміздің тұрақты халықпен етене араласып, ортақ тіл табысып байырғы халықпен бірдей шүйіркелесіп араластық басталып кеткенін жақсы білеміз. Тіптен жақын араласқандықтары сонша қазір ажырата да алмайсыз. Туыстық деңгейде де, әріптестік деңгейде де қарым-қатынастары тамаш үйлесім тапқан. Қоныс аударғандардың арқасында байырғы қазақтың тіптен ұмыт бола бастаған дәстүрлері мен салттарының, халық ауыз әдебиеті мен фольклорының қайта жанданып, жаңа бір дем алып, өз өрісін кеңейтті десем артық айтқандық болмас. Міне, осы қарым-қатынастың ұйыған бір отбасының баласындай байланыстың демін ашып, талпыныс берген Қазақстан халқы ассамблеясының келелі кесім шығарып бірлескен, ұйымдасқан бағдарының негізгі жетістіктері деп толық сеніммен айта аламын», - дейді ол.
Айнұр Жахина сол кездегі мемлекеттің басы-қасында жүрген ел ағаларының сарабдал саясат, тұрақтылық пен келісімді көксеген халықтың ізгі армандарының орындалғаны десем де артық емес.
«Бізге ең керегі де, маңыздысы – Қазақстанның біртұтастығымен, біріктіруші институт – интеграция институты ретінде ҚХА-ны құру тарихтың осы бір сынынан сүрінбей өтуге мүмкіндік берді. Мемлекет пен қоғамды дамытудың бірде-бір стратегиялық мәселесі ассамблеяның талқылауынсыз өткен жоқ. Ассамблея өзінің тарихи миссиясын ойдағыдай орындап, қоғамдағы саяси және этностық тұрақтылықтың негізін қалаушы факторға айналып отыр. Қазір өңірлік ассамблея этномәдени бірлестіктері, ҚХА құрылымдары бір бағытта жұмыс істеп, белсенділік танытып, жемісті еңбек етіп келеді. Мұны тіптен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз жолдауында ерекше айтып өтті. Қазір ассамблея ел президенті төрағалық ететін конституциялық орган болып бекігені белгілі», - дейді Айнұр Жахина.