Техникалық ақауларға байланысты кей өңірлерге билет сатылмай жатыр – «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Автор: Azattyq Rýhy

Мүмкіндігі шектеулі жандарға онлайн билет сатылмайды

Нұр-Сұлтанда карантинге байланысты біраз шектеулер алынып, тіршілік біртіндеп қалпына келе бастады. Бүгіннен  бастап кассаларда теміржол билеттері сатылымға шықты. Ал, пойыздар 1 маусымда жолға шығады деп жоспарланып отыр.

Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтандағы «Нұрлы жол» вокзалына барып, билет алуға асыққан жолаушылармен тілдесті.

Теміржол ашылады дегенді естіген елордалық Асқар Жақыпбек Қызылордаға билет алуға оқталған. Алайда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға онлайн билет сатылмайтын болып шықты. Асқар арнайы «Нұрлы жол» вокзалына келсе, 20-шы маусымға билет жоқ дегенді естиді. Анықтама бюросындағы қызметкерлер оған «күтіңіз» деген.

«Вокзалда отырғаныма бір жарым сағаттан асты. Маған қажет күнге билет әлі сатылымға шықпапты. Вокзалға келмес бұрын билеттің бар-жоғын анықтап алу үшін қоңырау шалдым. Ешкім жауап бермеген соң осында келдім. Сөйтсем, мынадай жағдай. «Күте алсаңыз күтіңіз, болмаса кете беріңіз»,- деді вокзал қызметкерлері. Амалым жоқ, күтіп отырмын енді», - дейді тұрғын.

Билеттердің сатылуына тікелей жауапты «Жолаушылар тасымалы» Акцонерлік қоғамы бұл жағдайдан хабардар. Теміржол билеттерінің сатылымға шыққанына бірінші күн болғандықтан техникалық ақау шыққанын айтады.

«Қазір техникалық ақауларға байланысты кей өңірлерге билет сатылмай жатыр. Дегенмен, бұл мәселені жақын уақытта шешеміз деп үміттенеміз. Оған қоса, мүмкіндігі шектеулі жандарға онлайн билет сатылмайды. Өйткені, билет алған жағдайда мүгедек екендігін растайтын құжатты көрсеткенде ғана 50 пайыз жеңілдік болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге бұл мәселені қолға алдық. Алдағы уақытта жауапты министрлік базаны дайындап берсе, мүмкіндігі шектеулі азаматар 15-ші маусымнан баста онлайн билет сатып алады», - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілі Мәди Мұхамедқали.

Вокзалдағы темір жол кассаларысағат 9:00-ден 18:00 аралығында жұмыс істейді.

«Келген жолаушылар міндетті түрде маска тағып, арақашықтықты сақтауы тиіс. Вокзал іші  күн сайын бірнеше рер тазаланады. Билет сатып алушылар үшін вокзалдың екі жанындағы есікті ашып қойдық. Әзірге 6 кассада билет сатылады. Екі автотұрақты ашу жоспарланып отыр. Дегенмен вокзал ішіндегі дүкендер мен шағын және орта бизнес субъектілері әзірге ашылмайды», - «ҚТЖ» ҰҚ АҚ магистралдық желі дирекциясының вокзал шаруашылығы бойынша атқарушы директоры Жұбан Көрпебаев

Ал, жолаушыларды шығарып салушыларға вокзалға кірге тыйым салынған.  Тұрғындардың жүгі көп болған жағдайда, кішкентай балаларды вагонға дейін апаруға вокзал қызметкерлері көмектеседі. 

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан