Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Людмила Милютина: Әр қазақстандықтың мемлекеттік тілді білуі - парыз

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол ауылдағы жалғыз орыс отбасында тәрбиеленген

Фото: Azattyq Ruhy

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп жүрген ұлты орыс Людмила Милютина қазақ тілін қалай меңгергенін және ұстаздық жолды қалай таңдағаны жайлы Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Людмила Милютина Солтүстік Қазақстан облысы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Қазір де ата-анасы сол ауылда тұрады. Ол балалық шағы қалай өткенін айтып, қазақ тілі мұғалімі мамандығын не үшін таңдағанын айтып берді.

«Мен өз ауылымды, туған жерімді жақсы көремін. Себебі ол мекен ерекше, қасиетті жер. Елімнің адамдары, ауылдастарым жаныма ыстық. Отбасында төрт баланың үлкені болдым. Менен кейін үш інім бар. Оның екеуі қазақ мектебін тәмамдады. Ал мен бастауышта қазақша білім алып, кейін орыс мектебіне ауыстым. Ауылда тұрғанда жалғыз орыс отбасы болдық. Бірақ бізді ешкім алаламады. Барлық іс-шарада «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел болып атсалысатын едік. Ауылдың балаларымен ойнап, сөйлесіп жүріп қазақшаны үйрендім. Әйтпесе, қазақ тілін мектепте аптасына бір рет оқитын едік. Әлі есімде мұғалімім Серік Ахмадиұлы газет оқытатын. Ол кезде интернет те болмады. Мақаланы қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударатын едік. Сондай-ақ өлеңді жаттатуға беретін. Осылайша, қазақ тіліне жаттығып, төселе бастадық», - дейді мұғалім.

Ұстаздың айтуынша, қазір оқушыларға барлық жағдай жасалған.

«Қазір барлық жағдай бар. Ғаламторды ашсаң, керегің алдыңнан тізіліп шығады. Ауылда бірге өскен екі досым қазір менің әріптестерім болып отыр. Бала күнімізде қуыршақ ойнасақ, қазір әдістемелік құралдармен алмасып отырамыз. Ата-анам жайлы айтсам, олар қазақша сөйлемесе де, барлығын түсініп отырады. Әке-шешемнің достары да Бұлақ ауылында тұрады. Бала кезден көршілермен соғым сойып, ет асып, бір-бірімізге қонаққа баратын едік», - деп есіне алды Милютина.

Ол өзінің ұстаздық жолды таңдап, қандай бағытта сабақ беретінін айтып берді.

«Қазір қазақ тілінен сабақ беремін. Осы салада 23 жыл еңбек етіп келемін. Мектеп бітірген соң Солтүстік Қазақстан университетінің тарих және қазақ тілі факультетіне оқуға түстім. Оны тәмамдаған соң мектепке жұмысқа кірдім. Мектеп - менің екінші үйім. Қазір біреу көп ақша ұсынып, басқа жұмысқа шақырса да бармас едім. Оқушыларымды жақсы көремін. Олар менің сабағыма қуана келетінін сеземін. Мектебіміз Петропавл қаласында орналасқан. Ол - ұлтаралық мектеп. Оқу ордасында негізгі сабақтан тыс 10 ұлттық бөлім жұмыс істейді. Оның ішінде қазақ, әзербайжан, неміс, белорус, татар, армян, шешен бөлімдері бар. Балалар өз сабақтарын тәмамдаған соң, қосымша өз ана тілін оқуға келеді. Мен қазақ бөлімінде жетекшілік етемін. Әр бөлімде тіл ғана емес, әдебиет пен елтану сынды пәндер де бар. Қазір өзге тілді үйренуге мүмкіндік өте көп. Сондықтан қажыр мен шабыт, ниет болса, тез-ақ үйреніп кетуге болады», - дейді Людмила Милютина.

Ол ұлттық мерекелердің барлығына қазақтың ұлттық асы етті әзірлейтінін айтты.

«Біз отбасымызбен ұлттық тағам - ет дайындағанды жақсы көреміз. Сондықтан әр мереке сайын үйімізде осы ұлттық тағам әзірленеді. Біз ұстаз ретінде балаға тіл үйретуге бар күшімізді саламыз, алайда баланың да ынтасы болуы керек. Осы оқушылардың қызығушылығын ояту да біздің парызымыз. Ниеті болса, жоғары оқу орнында да үйреніп алады. Мен өзім автобус, аялдамалар сынды қоғамдық орындарда қазақша сөйлеймін. Біздің отбасы көпұлтты. Өзімді көбі татар деп ойлайды, ұлтым – орыс. Әжем бурят болған. Ал менің жолдасым татар, інімнің әйелі неміс. Осындай көпұлтты елдегі көпұлтты отбасы болып күн кешіп жатырмыз», - дейді мұғалім.

Людмила Милютина ұстаз ретінде жастарға кеңесін айтты.

«Өмір сүріңдер, қуанышты, бақытты болып жүру керек. Адамдарға түсінушілікпен, қайырымдылықпен қарап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керек. Жұмыстан тыс мен қолөнермен айналысамын. Өзіме ерекше ұнайыны газет таяқшаларынан тоқу жасаймын. Газеттен таяқша жасап, одан себет, бұйымдар жасаймын. Осындай қолөнермен айналысқанда жаным тынышталады. Өзім ән айтып, өлең оқығанды да ұнатамын. Қазақ тілі – елдің мемлекеттік тілі. Әр қазақстандықтың қазақ тілін білуі парыз», - дейді Милютина.

Биылғы жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігі мен білімін арттырып отыру аса маңызға ие екенін жеткізген еді.

«Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет», - деген еді мемлекет басшысы.