Депутат бұл адамгершілік мәселесі екенін жеткізді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов азапсыз, абыроймен өмір сүру және паллиативтік көмек туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өміріңіздің соңғы күндерінде ауырсынудан арылып, лайықты күтім алудың орнына жалғыз қалып, жан азабын кешіп жатқаныңызды елестетіңізші. Өкінішке қарай, бұл – паллиативтік көмекке мұқтаж мыңдаған қазақстандықтың бүгінгі шындығы. Әрбір адам өмірден азапсыз, абыроймен өтуге құқылы. Паллиативтік көмек дәл осы құқықты әрбір қажет етушіге қамтамасыз ету үшін керек», - дейді ол.
Аймағамбетовтың айтуынша, Қазақстанда 100 мыңнан астам адам, оның ішінде онкологиялық аурулардың соңғы сатысындағы науқастар, инсульттан кейінгі адамдар және жазылмайтын аурулары бар балалар осындай көмекке мұқтаж.
«Алайда бұл салада көптеген мәселелер бар: хоспистердің жетіспеушілігі, ауырсынуды басатын дәрілерге қолжетімділіктің шектеулілігі, білікті мамандардың тапшылығы. Оның үстіне, паллиативтік көмекке арналған қазіргі бюджеттегі тарифтер тым төмен, бұл шынайы қажеттіліктерді толық қамтуға жеткіліксіз. Осындай қиындықтарға қарамастан, келесі жылдың бюджет жобасында паллиативтік көмекті қаржыландыруды қысқарту ұсынысын көргенде, бұл шешімнің қаншалықты әділетсіз екенін түсіндік. Біз, керісінше, қаржыландыруды 4 млрдқа дейін ұлғайтуға күш салдық, өйткені әрбір адам өмірінің соңғы күндерін азапсыз, құрметпен және тыныштықпен өткізуге лайық. Бұл тек денсаулық сақтау мәселесі емес, бұл – адамгершілік мәселесі», - дейді депутат.
Асхат Аймағамбетов атағандай, паллиативтік көмекке бөлінетін тариф көлемін шұғыл түрде қайта қарау қажет.
«Денсаулық сақтау министрлігіне рақмет, бұл бастамамызды қолдап отыр, бұл бағытта біраз жоспарлары да бар, сондықтан алдағы уақытта бірлесіп, осы маңызды мәселені шешеміз деп сенеміз», - дейді ол.