«Мақсатты мектеп» жобасы: аяғы ауыр, 60 жасқа толған мұғалімдер қандай тест тапсырмайтыны белгілі болды

Автор: Аягөз Құрмаш

Елімізде 943 мақсатты мектеп бар

Фото: gov.kz

Осыған дейін әлеуметтік желіде ұстаздар «Мақсатты мектеп» жобасына қарсылықтарын білдірген еді. Олардың айтуынша, жобада мұғалімдерді алалау бар. Олардың жанайқайын Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қолдап, бұл жобаны тоқтату туралы бастама көтерген еді. «Мақсатты мектеп» жобасының қандай құжатқа негізделгенін білу үшін Azattyq Rýhy редакциясы оқу-ағарту министрілігің білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебековадан сұхбат алды. 

Спикер «Мақсатты мектеп» жобасын жүзеге асырмас бұрын барлық өңірдің деңгейі анықталғанын жеткізді.

«Мақсатты мектеп» жобасы бойынша жұмыс 2023 жылы басталды. Әр өңірдің білім саласының мәселесі жеке-жеке қаралды. Әр облыстың білім сапасы мен жетістіктері, проблемалық сұрақтары әртүрлі. Ең алдымен әр өңірді саралап алдық. Талдау жұмыстарын өңірдің білім басқармаларымен жүзеге асырдық. Министрлік тарапынан сапаны бағалайтын ҰБТ, МОДО көрсеткіштерін бердік. Мектептің материалдық базасы бойынша сараптама жасадық. Қай мектепте қандай мәселе мен проблема бар екенін анықтап алдық. Одан кейін «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты ұлттық баяндама шықты. Осы талдаманың негізінде білім саласын дамытудың стратегиялық бағыттарын белгіледік», - дейді Майра Меделбекова.

Оның айтуынша, негізгі құжатты заңдастыру үшін ондағы басымдықтар белгіленіп, мектепке дейінгі, орта, кәсіптік білім беру бойынша 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаға енгізілген.

«Ол тұжырымдама үкіметтің қаулысымен бекіген. Оған 50-ге жуық іс-шара енді. Әрбір өңірде ол бойынша «Жол картасы» әзірленді. Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті PISA бойынша бағыт алады. Себебі оның нәтижесінде әрі қарай оқушыларымыздың мектепте алған білімін өмірде қолдануы, еліміздің әрі қарай дамуына қандай үлес қосады деген мәселе тұрады. Сондықтан да мектептегі білімнің сапасын арттыру мәселесі бар. Қазақстан 6 халықаралық зерттеуге қатысады. Оның нәтижелері бойынша өңірлердің дамуы шығарылады. Оқушылардың үлгерімі мен білім сапасын мектептер бөлінісінде қарастырдық. Көрсеткіштері жақсы мектептер әрі қарай дами береді. Методикалық көмекті қажет ететін сәл осал мекептерге көмегіміз қажет. Осындай 943 «мақсатты мектеп» анықталды. Ол ақпаратты өңірлерге де бердік. Мектептер жақсы ақпараттанған», - дейді ол.

Меделбекованың айтуынша, сапаға қатысты мектепішілік бақылау, методистерді оқыту бойынша жобалық кеңсе жасақталды.

«Өрлеу» орталығында оқушылардың қандай тақырыптарды түсінбегені жайлы шығып тұрады. Осылайша, педагогтерге арналған 80 сағаттық курс дайындалды. Оны біз тамыздың ортасында бастадық. Қыркүйек, қазан айларында толық 80 сағаттық курс оқытылды. Ал мұғалімдердің жүктемесі 18-20 сағат. 80 сағатты бөлсек, 2 сағаттан болады. Мұғалім тақырыпты жақсы меңгеріп тұрса, жарты, 1,5 сағатта да оқып алады. Бұл - күніне шаққандағы көрсеткіш. 80 сағатты оқуға мұғалімдердің уақыты бар. Оның қорытындысы бойынша педагогтер тест тапсырады. Бұл үш деңгейдің бірінші деңгейі болып отыр. Екінші деңгейді өңірлер өздері өткізеді. Жобан түсінген мұғалімдер мен директорлар жақсы қабылдап жатыр. Курсты оқыған мұғалім білімін артырады, біліктілігін кеңейтеді», - дейді Майра Меделбекова.

Сондай-ақ ол мұғалімдерді алалауға қатысты пікір білдірді. Аяғы ауыр, 60 жастан асқан ұстаздар мен директорлар бұл тестіні неге тапсырмайтыны белгілі болды. 

«Ал аяғы ауыр, 60 жасқа толған, мүгедектігі бар мұғалім, мектеп директорлары мен оқу ісінің меңгерушілері тест тапсырудан босаған. Педагогтерді аттестациялау бойынша 83-бұйрықтағы талаптарды сақтап отырмыз. Директорлар мен оқу ісінің меңгерушілерінде кейде сағат болмайды. Ал сабақ беретін болса, деңгейін көріп тапсырғандары да дұрыс. Мен өзім де 15 жыл мектепте жұмыс істедім. Мұғалімнің ең көп сағаты 27-30 сағат болады. Оны 5 күнге бөлгенде 6 сағат. Ол түстің кезінде босайды деген сөз. Күніне 1,5-2 сағат тыңдауға уақыт болады. Тесті педагогтердің барлығы облыстық орталыққа барып тапсырады. Арнйаы платформа бойынша өтеді. Себебі ешкім бір-бірінен көшірмеуі керек. Керісінше, осындай біліктілікті арттырып, білімді жетілдіру мұғалімдердің жұмысына септігін тигізеді деген ойдамын», - деп түйіндеді Майра Меделбекова.