«Үй жануарларына төлем бар да, адамдарға жоқ»: Бейсенбаев сақтандыру жүйесін сынға алды

Автор: Аягөз Құрмаш

Сақтандырудың максималды сомасы 600 АЕК-ға тең

Фото: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев еліміздегі сақтандыру жүйесінің кемшіліктерін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты сақтандыру жүйесі адамдардың құқығын қорғамайтынын қозғап өтті.

«Қазақстанда сақтандыру нарығы ширек ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатса да,  қарапайым азаматтар өмірлік қиыншылықтардан қорғалмаған? Дамыған елдерде сақтандыру азаматтар үшін қаржылық тәуекелдерді азайтуға арналған әлеуметтік келісімшарт ретінде қарастырылады. Алайда біздің жағдайымызда сақтандыру компанияларының иелері пайда көреді. Мен ең көп таралған мысалдарды ғана айтайын.

Ең алдымен, жол апатынан адам қайтыс болған жағдайда мұрагерлерге сақтандыру сомасы төленбейді. Тек егер марқұмның асырауындағы адамдар болса ғана беріледі. Банк заңнамасының нормаларына сәйкес, несие бойынша қарыз асырауындағы адамдардың болуын ескермей, мұрагерлерінен өндіріліп алынады. Баланың жол апатында қайтыс болуы бойынша сақтандыру заңнамасында ешқандай құқықтық қорғаулар жоқ. Содан кейін жол апатынан қайтыс болған үй жануарлары үшін сақтандыру төлемдері біртүрлі қарастырылған. Жануарлар үшін төлемдер бар, ал адамдар үшін төлемдер жоқ па?! Бұл әділеттілік принципі мен парасаттылыққа қайшы келеді. Сақтандыру қосымша проблемалар туғызбай, адамдарды қорғауы керек», - дейді ол.

Депутат атағандай, міндетті сақтандыру үшін көп жыл бойы төлемдердің максималды сомасы небәрі 600 АЕК-ті құрайды.

«Бұл сома қазіргі жағдайда автокөліктерді жөндеуге және қалпына келтіру бойынша нақты бағаларға мүлдем сәйкес келмейді. Мысалы, қымбат көліктің бір ғана фарасы бірнеше миллион теңге тұрады. Ал жөндеу сомасы одан он есе көп. Бұл ретте апатқа кінәлі болған адам қымбат жөндеуді төлей алмайды, бұл сайып келгенде оның қаржылық жағдайына ғана емес, отбасына әсер етіп, мүлкін сатып, несие алуына мәжбүрлейді.

Үшіншіден, барлық сақтандыру компаниясы балама ретінде бізде жұмыс істемейтін ерікті сақтандыру жүйесі туралы айтады. Бірақ көптеген азамат міндетті сақтандыру залалдың барлық сомасын жабады деп ойлайды, осылайша жол апатына қатысушылар жоғары тәуекел аймағында қалады.

Төртіншіден, жәбірленушілердің бүлінген мүлікіне нақты баға беру тәуелсіз бағалаушыларды тарту арқылы проблемаға айналды. Заңда оларды тарту механизмі іс жүзінде жұмыс істемейді», - дейді ол.

Бейсенбаевтың айтуынша, нәтижесінде сақтандыру компаниялары залал сомасын өз бетінше бағалап, барлық жерде төлем мөлшерін төмендетеді.

«Адамдар автокөлікті қалпына келтіру үшін қосымша өз жинақтарын жұмсауға мәжбүр. Төмен бағаны негіздейтін ешкім жоқ, өйткені тәуелсіз бағалаушылар істен алыстап кетті, ал сотқа жүгіну ұзақ және қымбат процесс.

Бесіншіден, бүгінгі таңда сақтандырушыларда миллиардтаған капитал бар, ал сақтандыру төлемдерінің ең жоғары сомасы төмен деңгейде қалып отыр. Біз сақтандыру компанияларының өздері үшін қолайлы жағдай жасағанын көріп отырмыз. Қаржылық қорғаудың негізгі функциясын орындамай, әлеуметтік әділеттілік принципін бұзып отыр. Жоғарыда келтірілген мысалдар қаншалықты айқын көрінеді, бүгінгі таңда бізде сақтандыру саласындағы «біржақты» заңнама бар екенін көрсетеді», - дейді ол.

Жоғарыда айтылғандардың барлығын ескере отырып, Елнұр Бейсенбаев бірқатар бастама ұсынды:

  • Сақтандыру компанияларын асырауындағы адамдардың болуына қарамастан қайтыс болған мұрагерлерге сақтандыру төлемдерін төлеуге міндеттеу;
  • Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін бұрынғы деңгейде сақтай отырып, 600 АЕК-тен асатын сақтандыру төлемдерінің сомасын ұлғайту;
  • Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру саласындағы маңызды өзгерістер пакетін дайындау.

«Сақтандыру нарығындағы жағдай түбегейлі қайта қарауды қажет етеді. Біз сақтандыру аз адамдар үшін байыту құралы емес, әр азамат үшін сенімді қорғаныс болуын талап етеміз», - дейді ол.