«Соттың шешімімен келіспеймін»: Жұлдыз Әбдікәрімова Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтты
Сот бірінші отырыстағы шешімді өзгертпеген
Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова соттың екінші отырысында болған жайттарды айтып, әрі қара әділдік сұрайтынын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Соттың шешімімен келіспеймін. Екінші сот отырысы өтті. Менің көңілім толмаған сәттер бар. Біріншіден, өткен отырыста сот өзі талап еткен жауап беруші тараптағы Дилара осы отырысқа қатыспады. Қарсы тарап соттың талабын орындамайтын не күшке ие? Екіншіден, сот екі тарапты толық тыңдап болғаннан кейін ешқандай қосымша анықтаушы сұрақтар қойылмай, ақылдасу бөлмесіне үнсіз кетіп қалды. Бар болғаны 20 минутта шешім қабылданды. Бірінші болған сот шешімін өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылданыпты», - дейді ол.
Әбдікәрімова атағандай, соттың ресми шешімі жайындағы құжат келесі апта шығады.
«Заң бұзушылық табылмады деген үкім айтылды. Естеріңізде болса, бірінші отырыста қаралмаған, немесе назар салынбаған дәлелдер келтіргенімді айтқанмын. Бұл жолы да ол дәлелдер ескерусіз қалды. Сот шешімімен келіспейтінімді, мұнымен іс жабылмайтынын, Жоғарғы сотқа қайта шағымданатынымды хабарлаймын. Жүріп жатқан Азаматтық соттан бөлек, қылмыстық іс қозғалып жатқандығы, ол жақта сот мүлде басқа сарында болатынын да естеріңізге саламын. Басты назар аударатын жай, ол мен алданған жалғыз адам емеспін. Он шақты алданған азамат болып, ұжымдық шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғалғанын қалайтынымызды қайталаймын. Әділдік орнауына бар күшімді саламын», - дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.