Шерзат Полат ісі: ұсталғандар саны артты

Автор: Аягөз Құрмаш

3 адам 13 қазанда ұсталған

Фото: видеодан скриншот

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының прокуроры Берік Адамов кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың ісіне қатысты күдікті саны артқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазір іс бойынша 7 адам емес, 10 азамат күдікке ілінген.

«Қазіргі таңда 10 адам күдікті ретінде ұсталды. Ал 2 адам тергеу аясында бар. Тергеу жүргізіліп жатыр», - деді Адамов.

ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов тағы үш күдікті 13 қазанда ұсталғанын айтты.

«Оқиға орнында жеті адам дереу қамауға алынды. 13 қазан күні тағы үш адамды ұстадық. Оның бірі – Фольксваген гольф көлігінің жүргізушісі. Төбелестен соң жақын маңда тұратын тағы екі адам қамалды. Атап отырғандарым, осы үш адам. Оларға қатысты тергеу жүріп жатыр, олар – осы іс бойынша күдіктілер», – деді Бауыржан Әленов.

Сондай-ақ, осыған дейін оқиға орнында болған 2 әйел жайлы да айтылған болатын. ІІМ Тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Аисов олардың тарапынан белсенді әрекет болмағанын айтып отыр.

«Бейнебақылау камераларынан қыздардың бірі екі күдіктіні ажыратса, бірін шетке алып кетіп бара жатқанын көруге болады. Әйел адамдардың тарапынан бұл жанжалға қатысты ешқандай белсенді әрекет болмаған», - дейді ол.

Еске салсақ, 4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Кейін марқұмның отбасы тұратын үйді өртеп жіберді.