Мұғалімнен ешбір теріс әрекет байқалмаған
Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Астанада болған келеңсіз жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс қазір белсенді түрде қаралып жатыр. Барлығы назарда. Мұғалім жұмысқа заңнама жүзінде конкурс бойынша өткен. Оған қайшы ештеңе болмаған. Мұғалімнен теріс әрекет байқалмаған. Еңбек кодексіне сәйкес, 3 ай сынақ мерзімінен толық өтті. Бірақ осындай жантүршігерлік жайттар пайда болды. Сәйкесінше, қазір қылмыстық іс қозғалды», - дейді Насымжан Оспанова.
Еске салсақ, Астананың №32 мектеп-гимназиясында 43 жастағы тарих пәнінің мұғалімі 7-сынып оқушыларына қырындады деп айыпталған еді. Мұғалім оқушы қыздарға кешкі сағат 21:00-ден кейін WhatsApp-та сезімдерін білдіріп хат жазған. Бұл оқиғаны оқушылардың ата-аналары әшкере қылған.
Ол мектепте 2024 жылдың 2 қыркүйегінен бастап жұмыс істеген. Тарих пәнінің мұғалімі сынақ мерзімінде болған. Тәртіптік комиссияның шешімі бойынша педагог 30 қыркүйекте ҚР Еңбек кодексінің 14-тармағы 52-ші бабы аясында жұмыстан босатылған.