Ер адам кешке келіп, пеш жаққан: министр Жітіқарадағы бес баланың өліміне қатысты тың дерек айтты

Автор: Аубакирова Нургуль

Балалардың анасы дүкенде еден жуушы болып істеген

Фото: Видеодан скрин

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Жітіқарада жер үйдегі өрттен көз жұмған бес баланың өліміне қатысты жаңа деректер айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, таңғы сағат 5-те өрттен аман қалған үйдің үлкені көршілеріне жүгіріп, көмек сұраған.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде үйдің төбесі құлап жатқан. Мен сол күні іссапарда болдым, таңғы сағат алтыда Алматыға ұшып шыққан едім. Бірақ Жітіқараға департамент директорын жібердік. Ол бастан-аяқ сонда болып, жерлеуге қатысты. Отбасыға тиісінше қолдау шаралары көрсетілді. Бұл отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Әйел екі рет некеде болған екен. Бірінші некесінен үш бала, екінші некесінен үш бала. Ең кішкентайы мамыр айында бір жасқа толған. Мамыр айында анасы көпбалалы ана атанып, күміс алқамен марапатталған», - дейді Жақыпова Мәжіліс кулуарында.

Оның ақпаратына сүйенсек, әйел адам бірінші күйеуімен ресми түрде ажырасқан. Биыл жазда 320-330 мың теңге алимент, сол сияқты екі тоқсан бойы атаулы әлеуметтік көмек алған. Бір тоқсанға 290 мың теңге төленген.

«Яғни отбасыға берілген төлемдер жақсы болған. Мендегі ақпарат бойынша әйел жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген. Ал қайғылы оқиға болған күні қалаға кеткен, қандай мақсатпен кеткенін тергеу айтпайды. Мен де білмеймін. Бірақ сол күні үйге 1995 жылғы ер адам келіп, кешкі сағат тоғыз шамасында пеш жағып, кетіп қалғаны рас. Анасы оны балалар тоңып қалмасын деп жіберген», - деп баяндады мән-жайды ведомство басшысы.

Естеріңізге салайық, өткен аптада Қостанай облысының Жітіқара қаласында жер үй өртеніп, бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласы қаза тапты. 2011 жылғы бала ғана аман қалған.