«Үйленгім келген»: Ақтөбеде қызды зорлап, полицейге шабуыл жасаған ер адам 22 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады

Фото: Юрий ГЕЙСТ

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ауыр қылмыс жасаған азамат "Е"-ге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық сотқа сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай, 2024 жылғы 22 сәуірде сотталушы "Е" түнде Ақтөбе қаласындағы таныс қызының пәтеріне балкон арқылы заңсыз кіріп, жас қызды зорлап, артынша оны пышақтап өлтірген. Қылмыс жасағаннан кейін, ізін жасырмақшы болып, оқиға орнынан қашпақ болғанда, оны полиция қызметкері ұстауға бекінген. Алайда сотталушы тәртіп сақшысына пышақ салып, оны жарақаттаған.

Сот барысында "Е" өз кінәсін ішінара мойындап, үйленбек ойы болған қызына ашу үстінде шабуылдап, байқаусызда өлтіріп қойғанын мәлімдеді. Алайда ол зорлау айыбын жоққа шығарды және қуған адамның полиция қызметкері екенін білмегенін айтты.

Мемлекеттік айыптаушы соттан оған 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

«Сотталушының бұрын сотталмағаны жазаны жеңілдететін жағдай ретінде танылды. Қорғаушы тарап жазаны ауырлататын мән-жайларды анықтамады. Сот шешімі бойынша "Е" 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот жәбірленуші тарапқа моральдық зиян және мүліктік шығындар үшін өтемақы өндіруді міндеттеді», - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.