Юлия Кучинская мемлекет тұрғын үйдің жалдау ақысына берілетін субсидия тоқтап тұр деді
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған «AMANAT» фракциясының мүшесі Юлия Кучинская өзекті мәселені қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бізге жеке тұрғын үй қоры жалға беретін тұрғын үйдің ақысын субсидиялау бағдарламасына қатысқан адамдардан арыз-шағым көп түсіп жатыр. Соңғы екі айда мемлекет тарапынан төлем кешігіп жатқаны белгілі болып отыр. Әрине, бағдарламаның ережесі бойынша ақыны жалға алып тұрып жатқан адамдардың өзі төлеп, ол ақшаны кейін мемлекеттен қайтарып ала алады. Бірақ, бағдарламаға қатысқан адамдардың бәрінде жалдау ақысын төлей қоятын жағдай жоқ. Осының салдарынан бағдарламаға қатысқан көп адам үйінен айырылып қалу қауіпінің алдында тұр. Күн суытып келе жатқандықтан, бұл жағдайға жол беруге болмайды деп санаймын», - деді депутат.
Оның айтуынша, егер мемлекет жалдамалы үйдің ақысын төлеймін деген міндеттемені мойнына алса, онда ол міндетін толық орындау керек. Бұдан өзге, депутат атап өткендей, бұл бағдарламаның жалпы проблемалы тұсы көп болып шыққан.
«Біріншіден, бағдарламаға қатысуы мүмкін адамдардың санын болжап, оған керек ақшаны жоспарлауда проблема толып жатыр. Негізі, бұл бағдарлама тұрғын үй кезегінде тұрған төрт категориядағы адамдарды қамтиды. Бірақ, жыл сайын қаржыландыруға келгенде мәселе туындайды. Мысалы, былтыр республикалық бюджеттен жоспарланған қаржы толығымен игерілмеген. Бірақ, кейбір өңірде бағдарламаға бөлінген қаражат маусым айында таусылып қалған. Биыл бағдарламаға көзделген 5 млрд теңге жетпей қалды. Қыркүйектегі мәлімет бойынша, қаражат толық игеріліп қойған. Енді жыл соңына дейін бағдарламаға тағы 5 млрд теңге керек», - деді депутат.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен тұрғын үйдің жалдау ақысына ақша табылмаған соң, 17 өңірде бағдарлама тоқтап тұр.
«Екінші мәселе, бұл бағдарлама үйінен айырылған адамдардың проблемасын шешпейді. Отбасы банкінің мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айының соңында бағдарламаға 18,8 мың отбасыдан бірегей өтініш түскен. Оның ішінде 13 мың адамның өтініші қанағаттандырылса, осы 13 мыңның ішінде 9,9 мың отбасы ғана төлем алып отыр. Яғни, мақұлданған өтініштердің төрттен бірі қолдау алмаған», - деді депутат.
Бұдан өзге ол бағдарламаға бөлінген қаражатты бақылап, мониторинг жүргізу саласы да ақсап тұрғанын алға тартты. Және тағы бір мәселе – бағдарлама ережесі бойынша оған қатысатын адамдардың отбасындағы табыс төмен болуы керек деген. Солай бола тұра, субсидия алып отырған азаматтардың табысы артсын деген мақсатпен оларды әртүрлі мемлекеттік жобаларға тарту немесе жұмыс тауып беру тетігі қарастырылмаған.
«Олай болса, осындай субсидияға зәру отбасылардың саны жыл сайын көбейе береді. Бірақ, бюджет шығынды түгел жаба ала ма деген сұрақ туындап отыр. Осы айтылғандарды ескеріп, бекітілген ережедегі міндеттемелерге сай, тұрғын үйдің жалдау ақысындағы қарызды төлеп, жоба бойынша анализ жасап, үш жылға жоспар құрып, отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығару үшін кешенді шара қабылдауыңызды сұраймын»,- деді ол.