Депутат үкіметке электр энергиясын жинақтау жүйесін дамытудың бірнеше әдісін ұсынды
Оның айтуынша, энергияны сақтау көміртегі бейтараптығына жету жолында маңызды саналады
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов премьер-министр Олжас Бектеновке жаңартылатын энергия көздері нысандарының электр энергиясын жинақтау жүйесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, Қазақстанда өнеркәсіптік ауқымда электр энергиясын жинақтау жүйелерін зерттеу, енгізу, пайдалану және кәдеге жарату тәжірибесі жоқ. Ал энергияны сақтау көміртегі бейтараптығына жету жолындағы маңызды элемент саналады.
«Мысалы, 2022 жылы Қытай желілік аккумулятор батареяларын орнату саны бойынша нарықта көш бастады, қондырғылардың жылдық көлемі 5 ГВт-қа жақындады. АҚШ бір жыл ішінде 4 ГВт пайдалануға берді. 2023 жылдың наурызында Еуропалық комиссия Еуропалық одақта электр энергиясын сақтау жүйелерін кеңінен енгізуді қолдауға бағытталған бірқатар ұсыным жариялады. Қазіргі уақытта министрлік электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамыту мәселесін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізді. Біріншіден, бұл түзетулер электр энергиясын жинақтау жүйелерінің болуы бойынша ЖЭК объектілеріне қойылатын талаптарды көздейді. Олар туралы мәліметтер Электр желісінің ережелеріне сәйкес қуат беру схемасын келісу аясында ұсынылуы тиіс. Яғни, қуаты 5 МВт-тан асатын ЖЭК генерациялайтын қондырғылары пайдаланылатын энергия сақтау жүйелері бойынша ақпарат беруге міндетті болады», - депутат.
Сондай-ақ Тұрғановтың айтуынша, қуаты 60 МВт-тан асатын электр энергиясы жүйелерін жиілік пен қуатты автоматты реттеудің орталықтандырылған жүйесіне қосу көзделіп отыр. Бұған қоса электр энергиясын жинақтаудың электрохимиялық жүйелеріне жоғары техникалық талаптар қойылған.
«Осы ұсынылған шаралардың барлығы негізсіз, өйткені олар энергияны сақтау жүйесін пайдаланудың практикалық тәжірибесіне негізделмеген және бизнеске, отандық және шетелдік инвесторларға қатысты шамадан тыс саналады. Бұған қоса, қарастырылып отырған түзетулерде әдіснамалық кемшіліктер мен техникалық кемшіліктер бар: терминология дұрыс емес, энергияны жинақтау жүйелерінің негізделген техникалық параметрлерінің болмауы, инвестицияларды қайтару тетіктері бойынша пайымның болмауы, жоғары техникалық талаптар», - деп атап өтті ол.
Осыған байланысты депутат электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамытудың бірнеше әдісін қабылдауды ұсынды:
біріншіден, барлық техникалық аспектіні пысықтау үшін жиілік пен қуатты автоматты реттеуге қосылған және жүйелік оператордың қосалқы станцияларының біріне байланған энергияны сақтау жүйелері бойынша пилоттық жобаны іске асыру қажет. Жобаның жұмыс қорытындысы бойынша оны пайдаланудың техникалық нәтижелері мен экономикалық шығындарды талдау талқылауға шығарылуға тиіс.
екіншіден, ЖЭК объектілерінің жиілік пен қуатты автоматты реттеуге қосылумен электр энергиясын жинақтау жүйелерінің болуы және бастапқы реттеуге қатысу міндеттемелерінен бас тарту. Энергияны сақтау жүйелерін кез-келген қолжетімді генерация көзінен зарядтауға болатын көмекші қызметтердің жеке түрі ретінде пайдаланудың халықаралық тәжірибесін зерттеу және қолдану маңызды.
үшіншіден, энергия жинақтау жүйелеріне инвестицияларды қайтарудың нақты тетігін әзірлеу қажет.