Депутаттың айтуынша, кейбір жеке тұлғалардың да мемлекеттік құпиямен танысуға рұқсаты бар
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Марат Бәшімов бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына мемлекеттік құпиялар туралы заңнаманың сақталу тиімділігіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутат мемлекеттік құпиялармен танысқан азаматтарды бақылау қалай жүргізілетінін сұрады.
«Кейбір мемлекеттік құпияны білетіндер бүкіл әлемді шарлап, шет мемлекеттердің, шетелдік құрылымдардың басшыларымен кездесіп жүр. Осыған байланысты қоғамда оларға ешқандай жауапкершілік жүктелмеген, мемлекеттік құпиялардың таралуын бақылау бойынша еш шара қабылданбайды деген көзқарас қалыптасқан. Бүгінде мемлекеттік құпия ақпаратқа мемлекеттік қызметшілер ғана емес, олигополияның көптеген өкілі, адвокаттар, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен басқа да жеке тұлғалар қол жеткізе алады. Заңның 37-бабына сәйкес олар мемлекет алдында өзіне сеніп тапсырылған, мемлекеттік құпия саналатын мәліметтерді жария етпеу туралы жазбаша міндеттеме алған және ол заңды түрде бекітілген. Бұл міндеттемелерді бұзу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады – сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Оларды бақылау қалай жүргізіледі? Олардың мемлекеттік құпияны жария етпеу міндеттемелерін сақтауы қалай тексеріліп жатыр? Біздің елдің заңнамасында осы мәселелер жеткілікті түрде реттелген бе?», - деп сұрады Бәшімов.
Мәжілісмен осы бағытта соңғы бес жылда жүргізілген жұмыс туралы ақпарат беруді, сондай-ақ мемлекеттік құпияны білетіндердің жауапкершілігі мәселесін қосымша реттеуге қатысты позицияларын білдіруді сұрады.