Көкпар үшін аттың да жақсысы, жігіттің де жүректісі керек – КСРО-ның 9 дүркін чемпионы

Автор: Azattyq Rýhy

Әбілхан Дауылбай көкпардан Кеңес одағының 9 дүркін чемпионы

Фото: Azattyq Rýhy

Күні кеше Қазақстанның Астанасында бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дүркіреп өтті: елордаға әлемнің тоқсанға жуық елінен екі мың бес жүзге тарта спортшы келді. Спортшылардан бөлек, көшпенді халықтың салт-дәстүрін қызықтап келген туристердің санында есеп болмады. Астанадағы алты күнгі аламанда Қазақстанның спортшылары бас-аяғы 112 медаль жеңіп алып, рекорд орнатты. Бұл медальдардың ішінде 43 медаль алтын. Тағы 32 жүлде күміс болса, 37 спортшы қола медальға ие болды.

Ең қызық деректерге тоқталсақ. Осы көшпенділер ойындарына туп-тура 499 жылқы қатысқан екен. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Көшпенділер ойындарының тағы бір өте қызық тұсы – бұл жарысқа қатысамын деген спортшылардың жасына шектеу болған жоқ. Өйткені, көшпенділер ойындарына қатысқан ең қарт спортшы – 80 жастағы испан мергені еді. Ал, ең кіші қатысушының жасы – небары 10-да.

Осы шабандоз Хамза баланың есімі мен атының атағы қазір жер жарып тұр. Әйтпегенде ше. Кішкентай кезінен-ақ аламан бәйгеде ешкімге жүлде бермеген Хамза осы он жасына дейін бірнеше көлік мініп, сыйлыққа пәтер алған нағыз ержүрек бала. Бойында Отанына деген махаббаты ерек ол өзге балаларға үлгі болып жүр.

Осы Отанға деген махаббат демекші, Көшпенділер ойыны кезінде Астана қаласының тұрғындары ел үшін, елорда үшін мақтаныш сезім кернегенін көп айтты. Қаланың іші шетелдік туристерге толып, олардың бәрі Көшпенділер ойындарындағы ерекше этноауылдан шықпаған кезде отандастарымыз ұлттық мақтаныш сезімнің қандай болатынын, патриоттықты дамытудың жаңа тетіктерін көрді. Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы, Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбілхан Дауылбай жастардың бойында осынлай патриоттық сезімді қалай қалыптастырып, қалай күшейтеміз деген сұрақтар төңірегінде өзінің ойын, көрген-білгенін, арманын айтып берді.  

-Әбілхан аға, бір сұхбатыңызда «қолым сынғанда да тоқтамай көкпар ойнағанмын» депсіз. Шынында, адам өзінің істеп жүрген ісін шын жақсы көрсе ғана осындай әрекетке баратын сияқты. Оның үстіне, қандай қызмет атқарсаңыз да көкпарды тастамай, КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы болыпсыз. Әбілхан аға, айта берсек, еңбегіңіз бен ерлігіңіз таусылмайтын сияқты. Осының бәрін өз аузыңызбен айтып беріңізші?

-Көп рақмет! Бұл ат спортына мен сол 1969-1970 жылдардан бастап араластым.  Жаным осы қазақтың ұлттық ойыны көкпарға жақын болды. Оқуды бітіріп, ауылға келген соң ат спортына араласа бастадым.  1980 жылы алғаш рет бүкілодақтық жарысқа араластық. Ол жарысқа дейін Қазақстан бірінші орын алмаған екен. 19080-ші жылы біз алғаш рет көкпардан чемпион атанып, рекорд орнаттық. Міне, сол ойыннан бері 1990-жылдары Сарқандтағы ойынға дейін жеңісті қолдан бермей, тоғыз мәрте чемпион болдық. Ең алғаш команда жасақтағыным әлі есімде, колхоз басшысы қойшылардың слеті болады деп,  команда дайындау керек екенін айтты.  Сол жерге барып бірінші рет ойын көрсеттік. Яғни, осы уақытқа дейінгі жарыстарда қазақ көкпаршылары бірінші орынға шыға алмай жүріпті. Қазақстан командасының капитаны болдым. Одақ тарағанға дейін команданы жетектедім. Сондай ойындардың бірінде аттан құлап, қолым сынып кеткен. Қарасам, ауылдан келген жанкүйерлер қарап тұр екен. Қазақ «қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» деп бекер айтпаған ғой, намыстанғаным сонша, тұрып, қолымда шүберекпен орай сала, шауып кеттім. Ақыры, жеңдім.

-Керемет! Нағыз жангештілік осындай болатын шығар. Аға, енді қазір Қазақстан спортшылары қатысатын жарыстар көп қой. Өтіп жатқан Көшпенділер ойындарында да еліміздің көкпаршылары намысты қолдан бермей, чемпион атанды. Спортшыларымыздың бойында сіз сияқты намыс пен патриоттықты қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

-Менің қазіргі жастарға айтарым, «айналайын, сендерге жасалып жатқан жағдай мен көрсетіп жатқан қошемет еш уақытта болған емес». Біріншіден айтарып, қазір еліміз ұлттық ойындарды қатты қолдайды. Жер-жердегі әкімдер көкпаршылардың қалаған атын алып береді. Кезінде бізде ат та жоқ, колхоздың аттарымен ойнай беретінбіз. Осы Көшпенділер ойындарына біздің жігіттер үш ай дайындалды. Ал біз ол кезде үш-ақ күн дайындалатынбыз. Бізге үш күн бұрын келеді де «көкпар шабасыңдар, дайындалыңдар» дейді, біз сондай дайындықпен мына Краснодардан бастап, Тбилисиге дейін барып, жеңіп жүрдік.  Сондықтан, қазіргі спортшыларға айтарым, жігіттер, сендерде арман жоқ. Ат жарамайды десеңдер, басқа ат алып береді, дайындық керек десеңдер, сонша уақыт дайындатады.  Сондықтан, тек қана алға. Ал, марапат жағына келсек, тіпті керемет кезең осы. Бүгін бірінші орын алған жастарға он миллион теңге жүлде берді. Кезінде біз Одақта жүріп, бәрін жеңгенде бір жапырақ қағаз беретін болды. Бес ойыннан чемпион болғанда, 16 рубль беретін. Ал, міне, бүгін тоғыз команданы жеңіп, мерейімізді арттырған спортшыларға керемет сыйлық табысталды.

Анықтама: Айта кетейік, Қазақстанның ұлттық құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанған болатын. Нағыз қызықты тартыс көкпардың финалында болған еді. Қырғыз спортшыларымен алаңға шыққан ұлттық құрама ойын есебін ашса да, қырғыз көкпаршылары есепті 3:1-ге жеткізіп, алда келе жатқан болатын. Алайда, қазақ көкпаршылары екінші айналымда намысты қолдан бермей, 2 салым салып, алға сытылып шықты. Ойын аяқталғанға санаулы минут қалғанда қырғыз спортшылары есепті теңестіріп жіберген. Қосымша 10 минут бергеннен кейін команда капитаны тағы бір салым салып, ұлттық құрамаға жеңіс сыйлады. Жеңімпаз көкпаршылар алтыннан медаль тағынып, 10 миллион теңгенің жүлдесіне ие болды.

-Әбілхан аға, біздің білуімізше сіз ұзақ жылдар ат спорты мектебін басқарыпсыз. Сондағы жұмысыңыз туралы айтып беріңізші.

-Мен 2000 жылы Қазақстанда ең бірінші ат спорты мектебін аштым. Сөйтіп, 2019 жылға дейіні сол мектепті өзім басқардым. Зейнетке шықсам да талмай, он жыл жұмыс істедім. Өзім көкпарға құмар болған соң тастағым келмеді. Кейін әрине жас та ұлғайды, әрі жастарға орнымды берейін дедім. Қазір жастарға жасаған қолдау – өте тамаша.

-Әбілхан аға, биыл Қазақстанның астанасында өткен бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шетелден командалар көп келді. Соның ішінде, нақты осы көкпар тартысуға келген Американың шабандоздары ерекше көз түскені рас. Жалпы, осы шетелдіктердің көкпарға қызығуының себебі неде деп ойлайсыз?

-Бір қызық айтайын, баяғыда, біз көкпар ойнаған кезде Краснодарға барып, көкпар тартыстық. Соны көрген жігіттер «біз нағыз ер азаматтар хоккей ойнайды деп ойласақ, нағыз жігіттің ойыны – көкпар екен ғой» деген болатын. Міне, көрдіңіз бе, сол заманның өзінде көрермен көкпарға осындай баға берген. Ал, қазір спорттың шекарасы кеңейіп, біз ұлттық ойындарымызды паш етіп жатқанда, шетелдіктер әрине бұл көкпарға қызықпай қоймайды. Жалпы, қазақтың ұлттық ойынының өте мәнді болғанының арқасында көкпар осындай бағаға ие болып жатқан шығар. Америкадан келіп көкпар шапқан жігіттерді мен де көрдім. Әрине, көз қызықтырады. Бірақ, олар көкпарды енді-енді үйреніп жүргені білініп тұр. Оның үстіне, өз жылқыларымен емес, Қазақстанның аттарын мінді. Ал, қазақ жылқыларының мінезі екінің біріне көне бермейді.  Жалпы, менің ойымша ат пен жігіт бір-біріне сай келмесе, ол көкпар болмайды. Өйткені, жылқы ең ақылды жануар. Тараз қаласында аты аңызға айналған «Лазерь» деген ат болды. Ол атты Қазақстан ғана емес, Өзбекстан, Тәжікстанның көкпаршылары түгел мойындаған. Өйткені, ат иесін сезетін. Сондай ақылды жылқы еді. Басқа аттарды қазандыққа жолатпайтын. Міне, көкпар үшін сондай жылқылар керек. Аттың да жақсысы керек, жігіттің де жүректісі керек. Біздің ауылда көкпар десе ішкен асын ждерге қоятын, ауылда көкпар болса, жеңісті қолдан бермейтін жігіттер болды. Бірақ, сырт алаңға шықса, жеңіліп қала береді. Өйткені, жүректің жоқтығы, қорқақтығы. Ал, қазақ жігіттерінің бойынша патриоттық, отансүйгіштік, ісіне адалдық деген қасиеттер үнемі болған. Ол біздің қанымызда бар.

-Сұхбатыңызға көп рақмет!