Павлодар облысының ақпарат басқармасы БАҚ-тағы мақала мен сюжетті негізсіз қымбатқа сатып алған

Автор: Azattyq Rýhy

Прокуратураның арқасында облыс бюджетіндегі 180 млн теңге үнемделген

Фото: gov.kz

Павлодар облысының прокуратурасы Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының БАҚ-тағы қызметтерді негізсіз қымбатқа сатып алғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын қызметтердің базалық бағаларын бекіткен. Соған сай, ақпараттық материалды газетке шығарудың бағасы (1 шаршы см үшін) 400 теңгені, интернет-ресурстарқа шығару үшін (1 таңба үшін) 38 теңгені, теледидарда бір минут ішінде 39 500 теңге мөлшерін құрайды. Бұл ретте облыстың Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы аталған қызметтерді негізсіз жоғары бағамен сатып алып отырған», - деп жазды облыстық прокуратура.

Мысалы, газетке мақала шығарудың құнын 3,5 есе (бағасы 1447 теңге), интернет-ресурстарда 7 есе (270 теңге), теледидарда 16 есе (633 862 теңге) қымбатқа алынған.

«Прокурор ден қойған соң, БАҚ қызметтерінің базалық бағасы қайта қаралды, бюджет қаражаты 180 млн теңгеге үнемделді, лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жазаға тартылды», - деп хабарлайды прокуратура.