Талдықорғанда соттан жалтарған шетелдік ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оны Өзбекстанға экстрадициялау туралы мәселе қаралуда

Фото: Жетісу облыстық ПД

Жетісу облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің және ҚР ҚАЖК-нің үйлестіруімен мемлекетаралық іздеуде жүрген Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жетісу облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ұсталған - Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес иемдену немесе жымқыру арқылы ұрлық жасады деген айыппен өз елінде іздеуде жүрген 20 жастағы ер адам.

«Ер адамды 2023 жылдың 29 желтоқсанында Ташкент облысының Бас ішкі істер басқармасы іздеуге жариялаған. Іздеудің басталғаны туралы білген соң, ол Өзбекстаннан кетіп, Қазақстанға келген, Шымкент қаласында жасырынып, наубайшы болып жұмысқа орналасуға шешім қабылдаған. Алайда, көп ұзамай, 2024 жылы ол Талдықорғанға көшіп келіп, аспаздың көмекшісі болып жұмысқа орналасқан», - делінген хабарламада.

Жедел деректер бойынша, іздеуде жүрген адам Талдықорғанда ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оны Өзбекстанға экстрадициялау туралы мәселе қаралуда, онда ол сот алдында жауап береді.