БҚО-да су тасқынынан кейін бой көтерген жаңа көшенің тұрғындары референдумға бірге келді

Автор: Azattyq Rýhy

Аңқаты ауылында тасқыннан кейін 23 үй салынған

Фото: БҚО әкімдігі

Батыс Қазақстан облысы Аңқаты ауылында су тасқынынан кейін салынған 23 үйдің тұрғындары референдумға бір мезетте келіп, дауыс берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ауылдағы комиссия су тасқынынан кейін апатты деп танылған үйлер құлату туралы шешім шығарған. Оның орнына жергілікті билік жаңа үй салған.

«Сайып келгенде,  апат орын алған Аңқаты ауылдық округінде 23 тұрғын үйдің құрылысы қайтадан салынып, өз иелеріне табысталды. Мінекей, бүгін сап түзеген бір көшенің тұрғындары бір мезетте референдумға келуді құп көрген», - деп хабарлайды әкімдік.

Референдумға келіп дауыс берген Аңқаты ауылының тұрғыны Ғали Жүсіп саяси науқан қоғамның пікірін айқындап береді дейді.

«Бұл бастама ел болашағы үшін маңызды екені жасырын емес. Оны мемлекет басшысы да нақты айтты. Алайда, қоғамдық, пікірдің де салмағы бар екенін ескеруіміз керек. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешуді жөн деп санады.Әрине, елдің айтар ойы, қосар үлесі зор. Сондықтан Президенттің мұндай шешімге келгені қуантарлық жағдай», - деді ол.