Республикалық референдум: атом саласының мамандары да өз таңдауын жасап жатыр

Автор: Аубакирова Нургуль

Референдум учаскелері кешкі сегізге дейін ашық болады

Фото: Астана қаласының коммуникациялар қызметі

Бүгін атом энергетикасының келешегін айқындайтын республикалық референдумда атом саласының қызметкерлері де дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Солардың бірі – Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев. Ол Астана халықаралық университетінде орналасқан №158 учаскеде дауыс берді.

«Шынымды айтсам, біздің мақсатымыз – заманауи және әділетті мемлекет құру. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан әділетті Қазақстан екенін атап өтті. Бұған дейін барлық референдум Конституция мен Конституциялық заңдарға өзгеріс енгізуге арналған. Ал бүгін халықтың пікіріне құлақ асатын елде маңызды референдум өтіп жатыр. Тәуелсіздік – бұл жай ғана сөз емес, бұл негізгі тіректердің жиынтығы, солардың бірі – энергетикалық қауіпсіздік. Референдумға келіп, дауыс беру – әрбір қазақстандық үшін маңызды қадам. Бұл бізге қажет пе? Шешімді әрбір азамат өзі қабылдайды», - дейді ол.

Бүгін қазақстандықтар АЭС құрылысы жөніндегі республикалық референдумда дауыс беріп жатыр. Референдум учаскелері таңғы сағат 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.