«Не үй, не ақша жоқ»: Ақтөбелік үлескерлер кінәлілерді жазаға тартуды талап етті

Автор: Azattyq Rýhy

Үлескерлерден ақша жинаған құрылыс компаниясының басшылары бір пәтерді бірнеше адамға қатар сатқан

Фото: depositphotos.com

Ақтөбелік үлескерлер алдап кеткен компания басшыларын жазалауды талап етуде. Себебі, бар жиған-тергенін берген жұрт осыдан екі жыл бұрын жаңа баспанасына қоныстануы тиіс еді. Бірақ әлі күнге дейін не пәтер жоқ, не ақша қайтарылмаған. Ал құрылыс басталған бойда тоқтап қалған. Жиналғандар енді тергеуді тезірек аяқтап, кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Ақтөбенің қақ ортасында «үйлі боламын» деп үміттенген үлескерлер неше жылдан бері тәртіп сақшыларының табылдырығын тоздырумен жүр. Елуден аса тұрғын құрылыс компаниясының жарнамасына қызығып, миллиондарын санап берген. Келісімшарт бойынша екі жыл бұрын бес қабатты кешеннің құрылысы бітуі керек еді. Бірақ құрылыс басталған бойда тоқтап қалыпты. Жаңа үйге көшуден дәмеленіп, ескісін сатып сандалып қалған тұрғындар да бар.

 «Төрт жыл болды, пәтер жалдап жүрміз. Осы мәселемізді шешіп берсе. 20022 жылы арыз бердім. Содан бері тергеу жүріп жатыр. Түсінбедім, ол неге ұзаққа созылды?!», - дейді Тоқмырза Шайдулин.

Үлескерлерден ақша жинаған құрылыс компаниясының басшылары бір пәтерді бірнеше адамға қатар сатқан. Онымен қоймай, құрылысы жүріп жатқан кешеннің жер учаскесін де саудалапты. Жерді үлескерлер соттасып жүріп кері қайтарып алған.

Құрылыс компания басшыларының бұл кешеннен басқа да құрылыстардағы қылмысқа қатысы бар болыпты. Тергеудің ұзарғанына бұл да себеп болған.

«Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бірқатар сараптама тағайындалды. Биыл қараша айында қылмыстық іс сотқа жіберіледі», - деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов,

Үлескерлер алаяқтардың жазалануы кешен құрылысын қайта жалғастыруға мүмкіндік береді деп отыр. Себебі әкімдік жанынан құрылған мекеме де сот үкімінсіз бұл кешенге жолай алмайды. Алданған үлескерлердің үй құрылысына кірісу үшін алдымен жер учаскесінің иесі — ақша салған тұрғындар болуы тиіс және құрылыс компаниясы басшыларының қылмысы дәлелденуі керек.