Ол балалардың әлеуметтік желіде отыруын реттеу керек дейді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов мәслихат депутаттарының форумында Telegram қосымшасындағы қауіп жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі таңда көршілес елдерде таралған ойындар пайда болған. Авторлары кім екені белгісіз. Ол ойындар "ата-анаңа өтірік айт", «жасырын» және «үйден шығып кет» дегендей талап қойып, балаларымызды теріс әрекеттерге итермелейді. Сондықтан бақылауда ұстамасақ болмайды. Ата-ана баланың смартфонын жіті тексеріп, көз жеткізу керек. Бұл мәселені депутат ретінде көтереміз. Өз басым балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты ұсыныс айтқан едім. Әлі де қосымша өзгерістер болады. Мәселен, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және балаларға қосымша сабақ беру секілді дүниелер қолға алынады», - дейді Әбенов.
Депутат Telegram-арналарынан қауіптенетінін айтты.
«Менің ең қауіптенетімін – Telegram-арнасы. Қосымшада өте көп мәселе бар. Анаша сататындар, педофилияға қатысты топтардың көбі осы Telegram арқылы таралып жатыр. Ол жерде кейбір қыздарды жезөкшелікке де тартқан әрекеттер бар. Өздеріңізге мәлім, қосымшаның басшысы (Павел Дуров) Францияда ұсталды. Олар мәселенің барын мойындап отыр. Үндемей қарап отыруға болмайды. Ал TikTok-қа келсек, платформа құзырлы органдармен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Жалған ақпарат тараса, алып тастайды. Ал әзірге Telegram-да ондай мүмкіндік жоқ», - дейді ол.
Айта кетейік, бүгін, 3 қазан күні Астанада «AMANAT» партиясының бастамасымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумы өтіп жатыр.