$ 521.81  543.67  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.10.2024, 13:25
Қоғам

Мұғалімдердің митингісі: шенеуніктер ұстаздармен қандай келісімге келгенін ашып айтпады

Қалалық білім бөлімі мұғалімдердің айлығы неге азайып қалғанын түсіндірді

Мұғалімдердің митингісі: шенеуніктер ұстаздармен қандай келісімге келгенін ашып айтпады
Фото: видеодан скриншот

Алатау қаласының шенеуніктері мұғалімдердің жалақысына қосылған 25% үстемақының жойылуына байланысты көшеге шыққан №1 және №47 мектеп мұғалімдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Алатау мұғалімдері жалақыларының қысқарып қалғанына байланысты көшеге шығып, президенттен көмек сұраған болатын. 1 қазан күні қалалық әкімдіктің өкілдері №1 және №47 мектептердің ұжымдарымен кездескен.

Қалалық білім бөлімі түсіндіргендей, ұстаздардың жалақысынан 25 пайыз үстемақының алынып тасталуы Алатауға қала статусының берілгенімен байланысты.

«2024 жылғы 2 ақпанда бұрын Алматы облысының Қонаев қаласына, Іле және Талғар аудандарына кірген бірқатар елді мекен Алатау қаласының құрамына қосылды. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы аумақтарда тұратын бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесінде өзгерістер болды. Туындаған мәселелерді жан жақты қарау үшін кездесуге Алатау әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, облыстық білім және ішкі саясат басқармаларының өкілдері шақырылды. Кездесу қорытындысы бойынша педагогтар ұжымымен өзара түсіністікке қол жеткізілді», - деп мәлімдеді білім бөлімі.

Сындарлы диалог барысында еңбекақы ғана емес, тұрғындар үшін маңызды саналатын көлік, қоқыс шығару, газдандыру мәселелері де талқыланды, деп атап өтті олар.

Сонымен мұғалімдердің 25 пайыздық үстемақыны қайтару туралы талабы орындала ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Алатаудың білім бөлімі нақтыламай отыр. 

Серіктес жаңалықтары