Қазақстанда «Ерлік пен еңбек дастаны» атты авторлар байқауы басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті

Фото: istockphoto.com

Мәдениет және ақпарат министрлігі жас қаламгерлерге арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» атты авторлар байқауын өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, байқау дарынды авторларға қолдау білдіріп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашуды мақсат етеді.

«Бұл байқау кәсіби шеберлігімен қажырлы қызмет етіп, елімізді дамытуға зор үлес қосып жүрген тұлғаларды ұлықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мұғалімдер, дәрігерлер, кеншілер, фермерлер, құрылысшылар, журналистер, музыканттар, кітапханашылар және тағы басқалардың еселі еңбектерін көпке насихат етеді», - деп жазды министр.

Жарыс жеңімпазы келесі жылы, яғни 2025 жылы Республика күнінде анықталады.

«Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігі ең үздік кітапты басып шығарып, ел бойынша таратады. Өтініштер осы жылдың 1 қазанынан басталады», - деп жазды Балаева.