Сыбайлас жемқорлық саны бір жылда 8 пайызға артқан
Қазақстанда осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша 1,2 мың жемқорлық қылмысы тіркелген. Бұл былтырғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 8,1%-ға көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы қылмыстардың үштен бірі, яғни 364 жағдай пара берумен байланысты. Кең таралған жемқорлық қылмыстарының арасында пара алу (249), сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену (210), алаяқтық (143) және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану да (137) бар.
Биыл 7 ай ішінде 933 қазақстандық жемқорлыққа барғаны үшін күдікті деп танылған. Бұл өткен жылға қарағанда 13,4 пайызға көп. Соның ішінде 548 адам сотқа тартылған.
«Сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстар үшін көбіне әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері сотталған. Сонымен қатар ішкі істер органдарының көптеген қызметкері, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау және қаржы министрліктерінің қызметкерлері де бар», - деп жазады Finprom.kz.
Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігінің 6 қызметкері, шекара қызметінің 4 қызметкері, үш судья, екі әкім де жемқорлық үшін сотталған.