Ақмола облысы паралимпиадашыларға құрмет көрсетті
Давид Дегтярев 3 бөлмелі пәтер, күміс медаль иегері Еркін Ғаббасов 2 бөлмелі пәтер алды

Көкшетау қаласында жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарынан оралған Ақмола спортшыларын құрметтеуге арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық әкімдікке сілтеме жасай отырып.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі биыл жазғы спорт түрлерінен Паралимпиадалық ойындарға қатысу облыс үшін тарихи оқиға болғанын атап өтті.
«Сіздердің жеңістеріңіз - батылдық пен шексіз адами мүмкіндіктердің айқын көрінісі. Ол көп жылғы еңбектің, ерік-жігердің және өмірлік қиындықтардан бас тартпау қабілетінің нәтижесі. Мемлекет осы маңызды салаға жан-жақты қолдау көрсетеді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысушылармен кездесуде спорт саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды тұжырымдады. Болашақта біз алға қойған мақсаттарға жету үшін жұмыс істейтін боламыз. Қазақстандық спорттың болашағы сіздердің әрқайсыларыңызға байланысты», - деді Марат Ахметжанов.
Іс-шара барысында Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы Давид Дегтяревке 3 бөлмелі пәтерге және ақшалай сыйақыға, күміс медаль иегері Еркін Ғаббасовқа 2 бөлмелі пәтерге және ақшалай сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, жаттықтырушылар Юрий Колесников пен Муслим Сәрсембековке ақшалай сертификаттар берілді.
Өз кезегінде спортшылар осындай қолдауға алғыс айтып, жоғары жетістіктерге жетуге уәде берді.
Айта кетсек, 28 тамыз - 8 қыркүйек аралығында Франция төрінде өткен XVII жазғы Паралимпиасы өтті. Байрақты бәсекеге 164 елден 4 400 спортшы қатысып, 22 спорт түрінен сынға түсті. Қазақстан тарапынан Паралимпиадаға 44 спортшы 33 лицензия жеңіп, спорттың 9 түрінен бақ сынады (пара таеквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара каноэ, пара дзюдо, пара жүзу, отырып ойнайтын волейбол, пара жеңіл атлетика және пара нысана көздеу).
Жарыс нәтижесі бойынша ұлттық құрама спортшылары 2 «алтын», 3 «күміс» және 4 «қола» медаль жеңіп алды. Алтын жүлдені еліміздің қоржынына пара пауэрлифтингте Давид Дегтярев пен пара дзюдодан Ақмарал Науатбек салды. Күміс жүлдені пара нысана көздеуден Еркін Габбасов, пара дзюдодан Ерғали Шәмей және пара жүзуден Нұрдәулет Жұмағали иеленді. Қола жүлдені пара дзюдодан Даяна Федосова, Зарина Раифова, Жұрқамырза Шүкірбеков және пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қанжығасына байлады. Жалпы медальдық есепте Қазақстан 39-орынды иеленді.