Су ресурстары министрінің айтуынша, АЭС-қа керек су деңгейі үнемі бақылауда болады
АЭС құрылысы Балқаш көлінің деңгейіне айтарлықтай әсер етпейді. Бұл туралы бүгін Қазақстанның су секторын дамыту жөнінде әріптестердің Үйлестіру кеңесінде су ресурстары және ирригация министрі Нұрлан Нұржігітов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қолда бар есептеулерге сүйенсек, атом электр станциясының қажеттілігі үшін алынатын су көлемі Балқаш көлінің деңгейіне айтарлықтай әсер етпейді.
«Салқындату үшін бір су бірнеше мәрте пайдаланылады. Сонымен қатар, пайдаланылған су басқа су нысандарына жіберілмейді. Біздің министрлік көл деңгейі мен атом электр станциясының су тұтыну көлемін тұрақты мониторингін жүргізеді. Оның ішінде су ресурстары ақпараттық-талдау орталығында деректерді жинау және есепке алу құралдарын енгізу арқылы да есептейді», - деді Нұржан Нұржігітов.
Министрлік жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метрден астам су құйылғанын қоса хабарлап отыр.