Қылмыстық іс сотқа жолданды
Қостанай облысында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығының басшысы 11 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотқа тартылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу анықтағандай, Қостанай қалалық тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығының басшысы өз лауазымын пайдаланып, жеті жыл бойы адамдарды жалған жұмысқа орналастырып, олардың жалақысын өзі алып келген.
«Шын мәнінде жұмысқа орналасқандар жұмыс орындарына келмеген, функционалдық міндеттерін орындамаған, ал басшы олардың шоттарына жалақы түрінде түскен ақшаны иемденіп отырған. Күдіктінің заңсыз әрекетінің салдарынан мемлекетке 11 миллион теңгеден астам шығын келтірілді», - деп мәлімдеді Қостанай облыстық прокуратурасы.
Мекеме басшысының үстінен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2) тармақшасы «Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамға теңестiрiлген адамның сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi қызмет бабын пайдалана отырып, iрi мөлшерде жымқыруы» бойынша іс қозғалды.
Қылмыстық іс Қостанай қаласының № 2 сотына жолданды.
Айта кетері, күдікті сот үкімімен кінәлі деп танылса, ол мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға дейін қамалады.