Жедел жәрдем дәрігерлері оған 20 минут бойы реанимациялық іс-шараларды жасаған
Петропавлда ер адамға цефазолин дәрісін салғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, оны жедел жәрдем дәрігерлері құтқарып қалды. Жедел жәрдем көлігінде оның жүрегі тоқтап қалып, бригада 20 минут бойы реанимациялық іс-шаралар жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Петропавловск.news сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.
19 қыркүйек күні кешкі уақытта жедел жәрдем пультіне шақырту түскен: ер адамның антибиотик енгізілгеннен кейін жағдайы нашарлаған. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы гемодинамиканың тұрақсыздығы салдарынан ауыр деп бағаланған.
Көмек көрсету барысында көлікте науқастың жүрегі тоқтап, мониторда асистолия тіркелген.
«Дереу ACLS стандарттарына сәйкес кеңейтілген реанимациялық іс-шаралар басталды. Жүрекке жанама массаж, ларингеальді маска арқылы аппараттық жасанды тыныс алдыру, адреналин инъекциялары және физиологиялық ерітіндіні инфузиялау жүргізілді. 20 минуттық реанимациялық іс-шаралардан кейін қанайналымы қалпына келді», — деп хабарлады облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы.
Науқасты жасанды тыныс алу аппаратымен көпсалалы қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, ол стационарда бақылауда.
Дәрігерлер антибиотиктерді бақылаусыз қолдану анафилактикалық шокқа және қан айналымының тоқтауына әкелуі мүмкін екенін еске салады.