Қазіргі балалар өз шекарасын білетін саналы ұрпақ - психолог Мейіргүл Бимағамбетова

Azattyq Rýhy

Ranking сарапшыларының мәліметінше, ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 0,84-ті құраса, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 0,89 болыпты

Қазіргі балалар өз шекарасын білетін саналы ұрпақ - психолог Мейіргүл Бимағамбетова
Фото: istockphoto.com

Елімізде соңғы жылдары ажырасу көрсеткіші белең алып барады. Ranking сарапшыларының мәліметінше, ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 0,84-ті құраса, бір жыл бұрын бұл 0,89 болыпты. Осыған ұқсас проблемаларды шешу үшін мемлекет тарапынан ауқымды шаруалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Біз осы орайда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып өттік. Сол сияқты психоанализ бағытында ізденіп жүрген психолог маман Мейіргүл Бимағамбетовамен сұхбаттасып, отбасылық құндылықтар, қоғамның көзқарасы, түйткілді мәселелердің шешімі туралы әңгіме өрбіттік, деп жазады Azattyq Rýhy.

МЕМЛЕКЕТ ҚОЛҒА АЛҒАН ШАРАЛАР

Мемлекет отбасылық құндылықтарды насихаттау, дәріптеу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Мысалы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бастап тоқтаусыз, дәстүрлі түрде өтіп келеді. Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған байқауға бүгінге дейін 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Бір отбасында әкесімен анасы, ұлы мен қызы бар деп есептесек, «Мерейлі отбасы» байқауына кемінде 80 мыңнан астам адам қатысты деп есептеуге болады.

Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, ажырасудың алдын алу мақсатында дағдарыс орталықтары, сол сияқты «Бақытты отбасы» отбасылық соттары жанындағы отбасын ресурстық қолдау орталықтары да тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Министрлік мәліметінше, 2021 жылы отбасыларды қолдауға арналған 31 орталық болса, арада бір жыл өткеннен кейін жалпы саны 37-ге жеткен. Ал қазіргі уақытта осындай 68 орталық қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Құзырлы министрлік 2025 жылға дейін 143 орталық ашуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Жуырда Астанадағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолға алуымен кезекті маңызды іс-шаралардың бірі өтті. Ведомство жағдайы төмен отбасыларға арнап қиын кезеңде қолдау және өсу тақырыбында тренинг өткізді. Бұл ер мен әйелдің қарым-қатынасындағы қиындықтарды жеңіп, байланыстарын нығайтуға, сол сияқты өзге де отбасылық жанжалдарды шешуге арналған.

Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолға алуымен отбасы саясаты бағыты бойынша жыл сайын грант жобалары жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы жүзеге асырылған жобаларға көз жүгіртсек, мынандай басымдықтарға көңіл бөлінген:

  • отбасыларды қолдауға арналған орталықтардың жұмысын жақсарту жөніндегі шаралар кешені, сол сияқты жағдайы төмен әрі балалы жанұяларға көмектесіп, оларға қол ұшын созу арқылы өскелең ұрпаққа отбасылық құндылықтарды насихаттау және нығайту;
  • елімізде жұмыс істеп тұрған дағдарыс орталықтарының жұмысын дамыту, сондай-ақ жанұядағы түсініспеушілікті, соның салдарынан болатын зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасында қол көтеретін агрессорлармен жұмыс істеу;
  • қимыл қозғалысында мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға көмек көрсету. Бұл ретте әлеуметтік және психологиялық қолдауға басымдық беріледі;
  • сондай-ақ, «Бақытты отбасы» отбасылық соттары жанынан жанұяларды ресурстық қолдау орталықтарының қызметіне көңіл бөліп, олардың жұмысын дамыту.

Сонымен қатар, биыл маусым айында арнайы делегация отбасылық және гендерлік саясатпен айналысатын Оңтүстік Кореяға аттанып, бұл елдегі мемлекеттік органдардың өкілдерімен тәжірибе алмасу үшін кездесулер өткізді. Оңтүстік Кореяда осы салада жұмыс істейтін 244 орталық бар. Ал Қазақстанда әзірге 68 орталық қана жұмыс істеп тұр. Жоғарыда атап өткеніміздей, 2025 жылы олардың саны 143-ке дейін жеткізіледі.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров осы кездесуден кейін Оңтүстік Кореяда сегіз бағыт бойынша көмек көрсететін 244 орталық жұмыс істеп тұрғанын, олардың үздік бастамалары мен тәжірибелерін Қазақстанға да енгізу жоспарланып отырғанын айтты.

Мемлекет тарапынан осындай іс-шаралар атқарылып жатыр. Дегенмен, жауапты министрлікке қарасты Жастар және отбасы істері комитеті Қазақстан әлі де ажырасу коэфициенті жоғары 10 елдің қатарында тұрғанын хабарлап, дабыл қақты.

«Қазақстан ажырасу коэффициенті жоғары 10 елдің қатарында. Қазақстан ажырасу облысында – 2,56, бұл ауқымды орта ажырасу коэффициентінен жоғары, ол 1000 адамға 1,97 ажырасуды құрайды», - делінген Жастар және отбасы істері комитеті таратқан хабарламада.

Бұл мәселе жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдіріп, елімізде болып жатқан ажырасудың негізгі себептерін айтып өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның отбасылары ұлттық баяндамасына сәйкес, елімізде 94,5 пайызы отбасылық қарым-қатынасқа қанағаттанған, ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда неке саны 5,9 пайызға, ал ажырасу 5,3 пайызға азайған.

«Ажырасудың негізгі себептері: алкоголизм, ерлі-зайыптылардың біреуінің нашақорлығы 61,7 пайызды құрайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық - 51,1 пайыз, опасыздық - 47 пайыз, лудомания - 38,4 пайыз. Зерттеулерге сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызы шын ажырасудың негізгі себебі бала сүйе алмау дейді, әрбір алты отбасы осындай жағдайға тап болады», - деді Аида Балаева сұхбаттарының бірінде.

ОТБАСЫЛЫҚ БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ

Біз осы орайда психолог маман Мейіргүл Бимағамбетовадан сұхбат алып, отбасылық құндылықтар, қазіргі заманғы отбасылық бақыт жөніндегі ұғым туралы ойын білдік.

Психолог Мейіргүл Бимағамбетова

«Психоанализ бағытында қатып қалған түсінік жоқ. Ал бақыт деген - екі нәрсені бірдей алып жүру. Бұл адамның екі қанаты іспеттес. Оның бір қанаты - жанұялық жағдайы, екіншісі - оның кәсіби жағдайы. Екі қанатын бірдей алып жүретін адам алысқа, биікке ұша алады. Ал отбасылық жағдайды алар болсақ, саналық және бейсаналық деңгейлерде өзін, өзінің серігін жақсы түсінген жағдайда қалыпты, бақытты, қуанышты жағдайда өмір сүре алады», - дейді психолог.

Ол осыдан 15-20 жыл бұрын бір үйде атасы мен әжесі, ұлы мен келіні, немерелері бірге тату-тәтті өмір сүретін жағдайды тілге тиек етті. Осы орайда соңғы жылдардағы үрдісті қозғай отырып, «Еуропаға еліктеушілік пе, әлде адамның көңілі тарылып бара ма, немере қарағысы келмейтін ата-әже, үйлене сала, ата-енеден бөлек тұрғысы келетін келіндер көбейгені туралы» сұрап өттік. 

«Бұл ең алдымен заман талабы деп те айтуға болады. Оның үстіне, 2000 жылдары еліміз экономикалық, саяси деңгейде әлі құлдырау уақытынан шығып келе жатқан шақта, әр адам күнімді қалай көрсем екен деген түсінікпен өмір сүрді. Ол шақты «Балама қандай киім алып беремін? «Оқуын оқыта аламын ба?» деген сияқты күнделікті қажеттіліктерді шешумен өткен заман деп айтуға болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін еркіндік берілді. Бірақ ол еркіндікті қалай алып кететінімізді бірден білмей өмір сүрдік, ол уақыт сондай бір күйбең тіршілікке толы болды. Арада 20 жылдан аса уақыт өткеннен кейін енді-енді байыппен, баппен айналамызға қарап, теңселістен өткендей болдық. «Қазір тамақ қайдан табамын?», «Бүгінгі киімді қайдан аламын?» деген мәселе көптеген отбасы үшін өзекті емес. Біз экономикалық деңгейде алға жылжыдық. 20 жыл бұрынғы тату-тәттілік мәселесін еске алғанда, жан-дүние жағдайына көп көңіл бөлінген жоқ. Негізгі фокус, энергия тәннің қажеттіліктеріне кетті. Бір бөлмеде көпбалалы отбасы өмір сүріп, бір көрпенің астында ұйықтайтын. Ол қалыпты жағдай еді. Ал қазір жан-дүниенің қалауына, комфортқа көп көңіл бөлініп отыр. «Менің жеке бөлмем болуы керек, мынау ұнамайды, мынау көңілімнен шығады» деген сияқты қалаулар пайда болып, құндылықтар өзгеріп жатыр. Сол себепті жоғарыда айтылғандай, келіннің ата-енеден бөлек тұруы деген сияқты мәселелер шыға береді», - дейді Мейіргүл Бимағамбетова. 

ЖАН ЖАРАҚАТЫНЫҢ БОЛАШАҚҚА ӘСЕРІ

Ол сөзін жалғай отырып, адамның балалық шақтан қалған жан жарақатын айта келе отбасылық ұғым жөнінде кеңес заманындағы түсінік пен қазіргі көзқарасты салыстырып өтті.

«Өзім психоанализ бағытында ізденіп жүргендіктен, жан жарақатымызды балалық шақтан іздейміз. Балалық шақтан қалған жан жарақаты деген де бар. Мысалы, кеңес заманында көп нәрсе жабулы күйінде қалып жатты. Нақтырақ айтқанда, қазіргі қоғамда зорлық-зомбылық көріп жатқан балалардың мәселесі ол кезде «ұят болады» деген көзқараспен, сол замандағы түсінікпен, кеңінен талқыланбай, жабулы қалатын. Сол сияқты «Кеңес заманында жыныстық қатынас болған жоқ, болғанның өзінде ол тыныш болатын» деген бір таптаурын көзқарас болатын. Алайда, ерлі-зайыптылар бір бөлмеде балаларымен бірге бір көрпенің астында жатса да жыныстық қатынасқа түсетіні жасырын емес. Ал оны кей жағдайларда балалары көріп қойып жатады. Бұл баланың психикасына кері әсер берері сөзсіз. Ол заманда интернет жоқ болғандықтан бұл тақырып «табу» болатын. Яғни, ұят саналып, тіпті ересектер арасында да ешкім оны қозғамайтын, жабық тақырып болды. Міне осы тектес жағдайлар бала кезден қалған жан жарақаты болып саналады. Қазір ол заман өтті. Бүгінгі заманда интернет бар. Тіпті, енді жүріп жүрген баланың өзі телефон арқылы өзіне қажетті нәрсені тауып ала алады. Жаңа айтқан табу деген ұғымның бүгінде кеңінен ашылғаны проблема деп те айтуға болады. Сондықтан, қазіргі ата-аналардың ең басты міндеті - жыныстық тақырыпты ашығынан айту. Яғни психосексуалды тәрбие деген бар. Міне осы бойынша жұмыс істеу керек. Біз өткен заманда да, қазіргі заманда да проблемамен күресіп үлгере алмай жатырмыз. Ол заманда жабулы қазан жабулы күйінде қалса, қазір ол интернет арқылы өзінен-өзі ашылып жатыр. Бірақ өкінішке қарай, ол проблемалардың шешу жолы жеткіліксіздеу», - деп ойын білдірді.

БИШИМБАЕВ СОТЫНАН КЕЙІНГІ СЕРПІЛІС

Сөз арасында Олимпиада чемпионы болған Елдос Сметовтің әйелімен емес, анасымен бірге жүргені қоғам тарапынан үлкен резонанс тудырғанын қозғап өттік. Әлеуметтік желіде Елдос пен оның анасын сынамағандар кемде кем болар. Бұл ненің көрінісі? Әлде психолог айтқандай, қоғамның өзгергені ме? 

«Иә, бұл заманның өзгергені. Яғни, халықтың чемпионға қатысты айтқаны қазіргі қоғамның көрінісі деп айтар едім. Оны бір жағынан феминизммен де ұштастыруға болады. Ер мен әйелдің теңдігі жөнінде қоғамның пікірі өзгеріп жатыр. Елдос Сметовтің әрекеті дұрыс та шығар. Чемпион болуына көмектесті, тілеуін тіледі. Ал, халықтың оның әрекетіне сыни көзбен қарап, оң қабақ танытпағаны заманның өзгергенінің көрінісі. Бірақ, мен дзюдошының әрекетіне баға бере алмаймын. Оның үстіне экс-министрмен (бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелін ұрып өлтіру оқиғасы) болған жағдайдан кейін әйелдер қауымы реваншизм мәселесін көтергендей. Бұл да бір заңдылық сияқты. Әйел теңдігі, әйел үні, әйел затының қоғамдағы орны тақырыптардан туындап отырған көрініс», - дейді психоаналитик.

«МАМАСЫНЫҢ БАЛАСЫ» ҰҒЫМЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛАДЫ?

Психологқа сондай-ақ «елімізде ажырасудың белең алуына не себеп болуы мүмкін?» деген сұрақ қойдық. 

«Жанұялық кикілжің бойынша маған келетін ерлі-зайыптылар аз емес. Осы орайда тағы бір мәселені де қозғап өткім келеді. Қазіргі көзқарастағы қоғам менің пікіріммен келіспейтін шығар. Бірақ, айтқаным жөн деп ойлаймын. Бала өмірге келген соң тәрбие беріп, психологиялық фундаментін қалайтын адам - сәбидің анасы. Себебі, баламен бірге кем дегенде 6-8 ай уақытын анасы өткізеді. Ал ары қарай баланың өмірінде әкенің фигурасы пайда бола бастайды. Осы орайда «мамасының баласы» деген мәселені де қозғап, оның қалай пайда болатыны туралы айтқым келіп отыр. Әйел адам ұл туған соң баласына кейде қатты көңіл бөліп кетеді. Ол шектен тыс кетіп жатады. Соның салдарынан бала ер жеткенде өте ынжық, өз ойы жоқ адам болып кетуі мүмкін. Сол сияқты ер-азаматтармен іштей бейсаналы түрде шайқасып жүрген аналар өзінің туған ұлына қарсы қандай да бір бейсаналы қастандық жасауы мүмкін. Сонда ұлы тағы да анасының қалыпты махаббатына зар жылап, ынжық болып өседі. Айтпағым, әйел адамның осындай әрекеті баланың психикасына зардабын тигізеді. Әйел адам ұл туса да, қыз туса да, алдымен ішкі жан-дүниесін жақсылап зерттеп, түсініп алуы керек. Ер адам да, әйел адам да ұрпақ сүйер алдын осы мәселені ойлауы қажет. Бірақ бұл жерде әйел адам  баласымен көбірек уақыт өткізгендіктен, бірінші кезекте үлкен жүк бәрі бір әйел адамға жүктеледі. Әрине, әкесіне де жүктелетін міндет аз емес», - дейді ол.

КЕЛЕР ҰРПАҚТЫҢ ӨМІР СҮРУ САЛТЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Осы орайда ата-бабамыздың «он үш жаста отау иесі» деп ер адамның мойнында үлкен жауапкершілік барын сездіретіні еріксіз ойға оралады. Заман талабына қарай, заңды тұрғыда бұл қазір 18 жасқа дейін ұлғайды. Бірақ, ажырасу көрсеткішін ескерер болсақ, бүгінгі жастар отбасылық жауапкершілікке қанша жастан бастап дайын?

«Қазіргі жастарға қарап, 25 жастан кейін шаңырақ көтергендері дұрыс деп санаймын. Мәселен, жасөспірім шақты 14-16 жас аралығында деп классикалық тұрғыда қабылдаймыз ғой. Ал психологиялық жас шамасымен алып қарасақ, қазіргі заманда жасөспірім шақ көп жағдайда 23-24 жаста аяқталып жатады. Міне, осы психологиялық жасөспірім шақтан өткеннен кейін ғана отбасылық өмірге дайын болады. Жасөспірім шақ дегеніміз не бала емеспін, не ересек емеспін деген кезең. Осындай өтпелі кезеңнен өтпеген жастар жауапкершілік тұрғысынан осалдау келеді. Бүгін берген уәдесін ертең ұмытып қалып жатады», - деді психолог Мейіргүл Бимағамбетова.

50 жылда ел жаңа. Өткен ғасырдың тұрмыс-тіршілігі бүгінге заманға жарамсыз. Ал келесі буынның өмір сүру салты қандай болмақ? Психолог маман өз болжамын айтты.

«Сөз басында айтқанымыздай, ене мен келіннің бір үйде өмір сүру уақыты ақырындап аяқталып келеді. Қазіргі уақытта әркім жан-тән қалауын бірінші орынға қояды. Қазір қабылдауыма келіп жүрген кішкентай клиенттерім, әсіресе, соңғы төрт-бес жылда өмірге келген бүлдіршіндер сондай зерделі. Олар қазірден бастап өзінің жеке шекарасы дегенді жақсы біледі. Өзінің жақсы көрген адамының бойында кемшіліктері де бар екенін жақсы қабылдайды. Сөз орайы келгенде кеңес заманындағы адамдардың көзқарасымен салыстырып өтейін. Ол уақытта жұрт бір адамнан көңілі қалса, онымен өмір бойы сөйлеспей кетуге бар болатын. Біреуді кешірмеу өмір бойы ауыр тасты арқалап жүргенмен тең. Ол біреуді емес өзін кешірмеу болып саналады. Бұл психология жағынан қарағанда өте ауыр нәрсе. Кез келген адамның бойында жақсы жағы да, кемшін тұстары да бар. Ол заңдылық. Психоанализде «амбивалентность» тақырыбы терең зерттеледі. Міне осы тақырыпты жақсылап түсінген адам өмірде бақыттырақ болады. Біреуді нашар адам екен деп онымен өмір бойы шайқасып өмір сүрмейді, сол сияқты оның кемшілігі жоқ деп идеал жасап, иллюзиямен де өмір сүрмейді. «Амбивалентность» тақырыбын білген адам өзі араласатын адамның кемшілігі мен артықшылығын ой елегінен өткізіп, қаншалықты араласуға болатынын бағамдайды. Айтпағым, соңғы төрт-бес жылда өмірге келген зерделі бүлдіршіндеріміздің, мектепте оқып жүрген сегіз, тоғыз, он жастағы балаларымыздың өмірге деген көзқарасын айтқан әңгімелерінен тыңдап көрдім. Сөздерінен байқағаным, олар көп нәрсеге кешіріммен, түсініп қарайды. Олардың амбиваленттік түсінігі табиғи деңгейде қалыптасып келе жатқан сияқты. Осындай жастарды көріп, болашақта бәлкім елдер арасында соғыс болмайтын шығар деп позитивті ойлап жүрмін. «Амбивалентность» деген бейбітшіліктің көрінісі», - дейді психолог маман.

Сөз соңында Мейіргүл Бимағамбетова отбасылық құндылықтарды сақтауда, насихаттауда мемлекет тарапынан үлкен шаруалар атқарылып жатқанын тілге тиек етіп, өз тарапынан қосымша ұсыныстарын да айтты.

«Өзім психоанализ бағытында ізденіп жүргендіктен, осы салада жан-жақты зерттеу жүргізетін, теориялық деңгейде білімі бар психологтардың санын көбейту керек деп есептеймін. Осы орайда қазіргі Түркия мемлекетінің негізін қалаушы Мұстафа Кемаль Ататүрікті тілге тиек еткім келіп отыр. Сенімді дереккөздерде ол Түркияның президенті болып тұрған шақта Альберт Эйнштейнге хат жолдап, экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрғыда ақыл-кеңес сұрайды. Сонда Эйнштейн психологтарды, әсіресе психоаналитиктерді көбейту керек деп айтқан екен. Себебі, Эйнштейн Американың, Еуропаның өмірін көріп, психоаналитиктердің адам өміріне, саяси өмірге әсері барын байқаған. Қазір психологтардың саны көбейді. Бірақ, сапасы төмен. Қазір популист психологтар көп. Көбісі қай психологтың айтқаны дұрыс екенін айыра алмай жатады. Бұл да бір сондай өтпелі кезең. Енді сапаны көтеру керек. Міне, осы жағынан алғанда мемлекет тарапынан қолдау қажет. Сол психологтардың Америкаға, Еуропаға барып, білім алуына көмек көрсетілуі керек. Сонда барып қоғамдық сана, көзқарас бұлыңғыр уақыттан өтіп, тұрақты өмірге келеді деп есептеймін», - деп психоаналитик сөзін аяқтады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.