Оқиға биыл жазда, 20 шілде күні болса да құқық қорғау органдары енді назар аударған
Алматы облысы Талғар ауданында мектеп жасындағы оқушылар қылмыстық іске ілінді. Олар өздерінен кіші ұлды айдалаға апарып, аяусыз ұрып-соққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға туралы Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Алена Нефф жазды. Оның айтуынша, биыл жазда, 20 шілде күні бір топ ұл өздерінен кіші ұлды адам қарасы аз жерге апарып, ұрып-соққан. Адвокаттың айтуынша, бұл бала біраз уақыт бұрын ересектермен еріп жүріп, сол ортаға кіргісі келген. Алайда, үлкен ұлдардың істеген әрекеттері мен сөйлеген сөздері ұнамаған соң, ол ортадан шығып кеткен. Міне, осыған байланысты ересек ұлдар оған «сабақ болсын» деп, оны айдалаға апарып, ойларына келгенін істеген.
«Бір топ бала оны қоршап алып, камераны қосқан. Араларынан біреуі шығып баланы қатты ұрып-соққан. Қолын ағашпен ұрған. Ақша бопсалаған. Осының бәрін сырттан бақылап тұрған оқушы қыздар мен ұлдар күліп, баланы мазақ ете бастаған. Бұған мәз болған үлкен жігіт баланы одан сайын ұрған. Баланың рухын сындырған ол «бізбен дос болғың келмегені үшін кешірім сұра» деп камераға түсірген», - деп жазды адвокат.
Бұл оқиғаға қатысты Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған.
«Баланың денсаулығына жеңіл жарақат салғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаны жан-жақты зерттеу үшін тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады полиция.