Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасып жатыр

Azattyq Rýhy

23 қыркүйектен бастап қалада «Жасыл аула» акциясы басталды

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасып жатыр
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Алматы қаласында қала тұрғындары арасында экологиялық жағдайды жақсарту және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған жұмыстар басталды.  Экологиялық іс-шаралар Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының, Полиция департаментінің, бизнес және жұртшылық өкілдерінің күш-жігерін біріктірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Айта кетейік, биыл 23 қыркүйектен бастап Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» акциясы аясында өтінім қабылдай бастады.

Қала тұрғындары көппәтерлі үйлер мен қоғамдық кеңістіктердің аулаларын көгалдандыру үшін ағаш көшеттерін тегін ала алады.

«Өтініштер 4 қазанға дейін қабылданады, ал көшеттер  2024 жылдың 12-13 қазанында таратылады. Акция туралы қосымша ақпарат алу үшін Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының жасыл қорды бақылау және басқару бөліміне +7 771-161-98-50 телефоны арқылы хабарласуға болады», - деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Көшеттер 2024 жылы 12-13 қазанда Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Юрий Ким көшесі, 9-үй (ЖШС «Eco Almaty») мекенжайында таратылады. Акцияға қатысқан тұрғындар кейін еккен ағаштарды суретке түсіріп, есеп ұсынуы шарт.

«Жасыл аула» акциясы — Алматы тұрғындарының шаһарды көгалдандыруға, оны одан әрі жасыл әрі жайлы етудің тамаша мүмкіндігі. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі абаттандырудың жаңа ережелері бойынша қалалық объектілерді паспорттау. Алматы қаласында 5 590 нысан паспортталуға жатады, оның 342-сі бүгінде рәсімделген. Бұл жұмыс келесі жылдың сәуір айында аяқталады», - деп жазған әкімдік.

Дереккөзге сүйенсек, паспорттау іргелес аумақтарды абаттандыру үшін кәсіпкерлер мен басқа да субъектілердің шекаралары мен жауапкершілік аймақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Абаттандыру паспортында абаттандыру мен санитарлық тазалауға қойылатын талаптар жазылады, бірақ, бұған үлкен шығын қажет емес. Шаралар қала тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз және экологиялық жағдай жасауға бағытталған.

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Алматыда тыйым салынған жерлерде қоқыс тастағаны үшін жауапкершілікке тарту жұмысы күшейеді. Биыл қыркүйектен бастап жүргізілген мониторингтің нәтижесінде Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымын дамыту басқармасы қоқыс жәшіктерінің толып кетуіне байланысты қосымша жабдықтар мен тазалау ресурстарын қажет ететін 52 учаскені анықтады.

Алматы қаласын көріктендіру ережесіне сәйкес, кәсіпорындар, мекемелер және жеке тұлғалар ірі көлемді қоқысты өздері шығарып, не қоқыс шығаратын ұйымдармен келісімшарт жасасуы керек. Жөндеу жүргізетін немесе ірі көлемді қалдықтар жинақтаған тұрғындар қоқысты шығару үшін мамандандырылған ұйымдарға ақылы түрде жүгінуі немесе оны өздері Алматы облысының Іле (Алматы – Өскемен тас жолы, 34/1 және Қарасай (Әйтей ауылы, 144-ші есептік квартал, 4690 аудандарындағы полигондарға апаруы керек.

Қаладағы санитарлық және эстетикалық жағдайды жақсарту мақсатында 2024-2025 жылдары Алматыда 786 контейнерді ауыстырып, қосымша 2 мыңнан астам тереңдетіле көмілген жаңа контейнер орнату жоспарланып отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.