Сайттың топ-менеджерлеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылған
Ішкі істер министрлігі атышулы «Kyzdar.net» сайты неге әлі бұғатталмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін интимдік қызмет ұсынатын интернет-ресурсты бұғаттау үшін жұмыс тобы құрылған болатын. Алайда атышулы сайт әлі жұмыс істеп тұр. Оның себебін министрлік былай түсіндірді.
«ІІМ «Кыздар.нет» сайтының сілтемелерін бұғаттау бойынша мәдениет және ақпарат министрлігіне тұрақты түрде хат жолдап отырады. Алайда интернет-ресурс домендік атауларды, яғни сайтқа өтетін сілтемелерді жылдам өзгертіп, жаңартып тұратындықтан, ол әлі де қолжетімді. Аталған интернет-ресурс америкалық интернет-провайдерлерге тиесілі хостингтерде орналасқан. Мысалы, бүгін «Kyzdar.net» сілтемесі бұғатталса, ертесіне «Kyzdar2.net», «Kyzdar4.net» және тағы басқа сілтемелер жұмыс істеп тұрады»,- деп түсіндірді ведомство.
Былтыр наурыз айында ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсететіндердің анкеталарын сайтқа жариялауға көмектесетін 11 топ-менеджер ұсталғаны хабарланды. Алайда сайттың топ-менеджерлеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылған. Оған заңнамадағы олқылықтар себеп болған.
«Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 309-бабы «Жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Алайда сотқа дейінгі тергеу барысында тергеу органдары сол кездегі заңнамадағы олқылықтармен тап келуіне, дәлірек айтқанда осы бапта «жезөкшелікті насихаттау және жарнамалау жолымен телекоммуникация желілерін, интернетті пайдалана отырып» жасалған жеңгетайлық деген ұғымның болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», - деді ІІМ.
Министрлік мұндай проблема тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де кездесетінін атап өтті. Қазір қылмыстың көбі интернет арқылы жасалады және «онлайн-жеңгетайлық» қылмыстың жаңа түрлерінің бірі саналады.
«Бізде болған практиканы және проблемаларды ескеріп, қазір Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Өзгерістер биыл 5 қыркүйекте күшіне енді», - деді ІІМ.
Қазақстандық полицейлер Kyzdar4.net сайтына ай сайын неше адам кіретінін анықтау мүмкін емес екенін айтады. Ал сайттағы ақша айналымы автоматтандырылған төлем жүйесі арқылы криптовалютамен жүргізіледі екен.