Ардагер мерейтойына арнап облыстық ПД ұжымы мерекелік концерт тарту етті
Петропавлдық соғыс ардагері Никита Семенов бүгін 100 жасқа толды. Үш ғасырдың куәсіне айналған мерейтой иесінің құрметіне облыстық Полиция департаментінің ұжымы ашық аспан астында концерт ұйымдастырып, туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Никита Герасимович 1940 жылы Свердловск қаласынан әскерге шақырылған. ІІХК полкі құрамында Москваны қорғауға қатысып, Батыс Украина, Беларусь жерінде шайқасқан. Соғыс жылдары снайпер болған. 1945 жылдың 9 мамырын Эстонияда қарсы алады. «Ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін» және тағы басқа көптеген медальдардың иесі. 1950-ші жылдарға таяу Қазақстанға қоныс аударған. Целиноград облысындағы Астраханский аудандық милиция бөліміне қызметке түседі. Паспорт бөлімінің бастығы болады. Ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт қызмет атқарды. Құрметті демалысқа капитан шенінде шықты.
ІІМ ардагерінің 100 жылдық мерейтойына Полиция департаментінің үрлемелі оркестрі мен Мәдени орталығының вокалдық тобы нағыз мерекелік концерт тарту етті. Ақсақалды СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев құттықтап, қуаныш иесіне құттықтау хат, гүл шоғы мен сыйлық табыстады.
Погонды әртістер соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі жылдардағы классикалық әндерді шырқады. Полицейлермен қатар «Солтүстік Қазақстан облысының іскер әйелдері» қоғамдық ұйымы атынан өнер көрсеткен қаламыздың шығармашылық ұйымдарының әртістері де нон-стоп режимінде құттықтау арнады. Ашық аспан аясындағы жарқын концерттік бағдарлама мерейтой иесінің туыстарын ғана емес, ауладағы кіші мен үлкеннің көңілінен шығып, барлығын қуанышқа бөледі. Әсіресе концерттің соңы әсерлі болды, аңызға айналған «Прощание Славянки» маршына полицейлер сап түзеп ізет көрсетіп, ардагерді үйіне дейін шығарып салды.
Эльмира Мәмбетқызы, Солтүстік Қазақстан облысы