«Жоқ дегенде 7 млн теңге пайда табамын»: Қазақтар тұратын Нарат жайлауы қытайлар арасында қалай танымал болды

Автор: Нұргүл Абай

Жаз айлары күніне 40 мыңдай турист қыдырып барады

Фото: Azattyq Rýhy

Нарат жайлауы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының қазақтар ең көп тұратын Іле Қазақ автономиялық облысында орналасқан. Моңғол тілінде «күн нұрына бөленген жайлау» деген мағынаны білдіреді. Табиғатпен үндескен мекен тыныштық пен әсемдік іздегендер үшін ерекше орын саналады. Жергілікті қазақтар қоныстанған Нарат жайлауы Қытайдың ең әдемі әрі танымал туристік орынға қалай айналды? Azattyq Rýhy тілшісі Қытай елшілігі ұйымдастырған пресс-тур кезінде Тянь-Шань тауында шамамен екі мың метр биікте орын тепкен төр жайлаудың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. 

Күнес ауданына кіретін Нарат ауылына біз Үрімшіден ұшақпен жеттік. Қазақстаннан келген делегацияны Дегдар есімді гид қарсы алып, өлкенің тарихымен таныстырды. «Нарат» мемлекеттік табиғи паркі 1999 жылы ашылған, ал 2011 жылы мемлекеттік деңгейдегі 5А дәрежелі саяхат орны атанған. Жаз мезгілінде Күнестегі жайлауға Қытайдың түкпір-түкпірінен туристер ағылады, күніне 40 мыңдай адам саяхаттап келеді екен. Нарат әсіресе 2019 жылдан кейін қытайлар арасында қатты танымал бола бастаған. Сол жылы көктем мерекесінде махаббат жайлы ән шырқалып, «Көрікті менің Наратым» деген өлең жолдары қытайлардың ерекше қызығушылығын оятқан деседі.

Жайлауда жергілікті қазақтардың салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысуға мүмкіндік бар. Көшпелі өмір салтын сақтаған қазақтар мал бағып, киіз үйде тұрады.

«Нарат» табиғи паркіне міндетті кіру ақысы 95 юань (шамамен 6 500 теңге). Билет 48 сағатқа, яғни екі күнге жарамды. Жайлауға автобуспен немесе жеңіл көлікпен жетуге болады.

Мұнда туристер үшін киіз үйлер тігілген. Саяхатшылар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, ұлттық киімдермен естелікке суретке түсе алады. Жергілікті қазақтар таңмен таласа бауырсағын илеп, қазанға ет асып, туристерге ас-суын ұсынып, шағын кәсіптерін өрге домалатып жүр.

Мысалы, сиыр етінің сорпасы 25 юань (1 700 теңге), бір тәрелке бауырсақ 10 юань (680 теңге), палау 35 юань (2 380 теңге) тұрады. Киіз үйдің ішінде тамақтану – тегін. Жергілікті қазақтар алыстан келген қандастарын көріп, ерекше қуанған болуы керек, мол дастархан жайып, қонақжайлық танытты.   

Бұдан бөлек туристер 80 юань (5 440 теңге) төлеп, бір сағат атқа мініп серуендей алады. Жайлауды әуеден көремін деушілер үшін тікұшақ та бар, бір сағаты – 800 юань (54 400 теңге).

Қытайларды салт-дәстүрмен жақынырақ таныстыру үшін қазақтар арнайы жасалған сахнада күніне екі мезгіл 40 минуттық театрландырылған қойылым қояды. Жиырма шақты қазақ актері құдаласу, келін түсіру, беташар сияқты салттарды орындайды.

Айбын есімді Қытай қазағы жыл он екі ай Нарат жайлауында. Атты жалға берумен айналысады. Бір жылда кем дегенде жеті миллион теңге пайда табамын дейді.

«Мен осы жерде туристерге аттарымды жалға беремін. Бір жыл осындамын. Жалға беретін екі жылқым бар. Бір ат күніне 300 юань табады, бір жылда жоқ дегенде 100 мың юань пайда көремін. Басқа елден келетіндер өте аз, көбіне Қытай азаматтары қыдырады», - дейді ол.

Айбынның Қазақстанда туыстары тұрады, Алматыға үш-төрт рет қыдырып барған. Балалары ержеткен соң, отбасымен Қазақстанға көшіп келуді жоспарлап отыр.

Жайлауды аралап жүріп Алшын есімді қариямен де аз-маз тілдесудің сәті түсті.

«Жеті атамыздан бері қарай осы жақтамыз. Тіршілігіміз жақсы, мал бағамыз, турист күтеміз. Қыс қыстақта, жаз жайлауда. Балаларымның алды қызметте, кейінгілері әлі оқып жатыр. Қазақстанда туыстарымыз бар, телефонмен қал-жағдай сұрасып, араласып тұрамыз. Өзім Қазақстанда болған емеспін. Қыста соғым соямыз, жазда көбіне қой мен сиыр етін жейміз. Біздің жақтағы мал базарда бір қой 1000 юань (68 мың теңге), сиыр 10 мың юаньнан (680 мың теңге ) сатылады. Соңғы екі-үш жылда мал базарында ет арзандап кетті», - дейді зейнеткер.

Нарат – жазда ғана емес, қыста да туристердің аяғы үзілмейтін туристік орын. Өйткені қар түскенде мұнда 5200 метрлік шаңғы жолы іске қосылады.

Жайлауға сырттан гөрі, іштен келетіндер көп, содан ба екен туристік орында бәрі қытайша жазылған. Бірақ жергілікті қазақтар бір-бірімен ана тілінде сөйлеседі, қытай тілін де еркін меңгерген. 

Пресс-тур кестесі тығыз болғандықтан, Нарат жайлауына бір-екі сағатқа ғана аялдадық. Шыңжаңдағы қазақтармен аздап әңгімелесіп, дастарханнан дәм татқан соң, әрі қарай жолға шықтық. 

Айта кетері, Іле Қазақ автономиялық облысының Күнес ауданында 300 мың халық тұрады, соның тең жартысы, яғни 150 мыңы –қазақтар. Ал осы ауданға қарайтын Нарат ауылында 33 мың адам бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, балалар мектепте қытай тілінде оқиды, қазақ тіліне небәрі 2-3 сағат қана арналған.