Руы, түрі, және карьерасы маңызды: қазақстандық қыз-жігіттер болашақ жарын қалай таңдайды
Отбасын құратын жастар махаббаттың бар-жоғына қатты мән бермейтін болып шықты
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жас қазақстандықтардың арасында «Болашақ жарыңызды таңдаған кезде сіз неге назар аударасыз?» деген әлеуметтік сауалнама жүргізген. Сауалнаманың қорытындысы «Қазақстан жастары – 2024» талдамалық баяндамасында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сауалнама барысында қыз-жігіттердің дені (78%) шаңырақ көтеретін екі жас міндетті түрде ресми некеге отыруы керектігін атап өткен. Респонденттердің тек 15 пайызы ғана «азаматтық некеге» келіскен.
Өмірлік серігін таңдарда жастардың көбі болашақ жарының жасына (53,9%), түр-келбетіне (45,4%) және ұлтына қатты мән беретінін айтқан. Бұған қоса респонденттердің 21,7 пайызы үшін болашақ жұбайының руы, тегі, әке-шешесінің әлеуметтік статусы (14,9%) және карьерасы (17%) маңызды екен. Сауалнамаға қатысқандардың 1,9 пайызы ғана сүйіктісінің мінезіне қарайды.
Ал болашақ күйеуінің не әйелінің адамгершілігі, тәрбиесі, мейірімділігі, қарапайымдылығы, өмірге көзқарасы, білімі, моральдық құндылықтары, екеуінің арасындағы махаббат қазақстандық жастар үшін қатты маңызды болмай шықты. Респонденттердің 0,1-0,7 пайызы ғана осы қасиеттерді маңызды фактор ретінде көрсеткен.
Сауалнамаға қатысқан ерлер мен әйелдердің жауаптарында да біраз айырмашылық бар. Мәселен әйелдердің 30,6 пайызы үшін өмірлік серігінің қаржылық жағдайы да өте маңызды. Болашақ күйеуінің карьерасы мен руы да маңызды рөл ойнайды.
Ал жігіттер қыздың әдемілігі мен жасынан бөлек, болашақ жарының ата-анасының әлеуметтік статусына да (17,1%) мән берген. 24,6 пайызы қыздың руы да маңызды деп санаған.