Төле би ауданындағы директор: мұғалімдердің 80 пайызы – менің қарындастарым

Azattyq Rýhy

Ханарық ауылының халқы мектеп директоры оқу орнына туыстарын ғана алады деп мәлімдеді 

Төле би ауданындағы директор: мұғалімдердің 80 пайызы – менің қарындастарым
видеодан скриншот

Түркістан облысы Төле би ауданындағы Ханарық жалпы орта білім беретін мектептің директоры 14 жыл бойы мектепке туыстарын ғана жұмысқа алған. ontustiktv.kz телеарнасына сұхбат берген ауыл тұрғындары оның жұмыстан кетуін талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Телеарнаның мәліметіне сүйенсек, ауыл тұрғындары директор 14 жыл бойы жұмысқа тек туыстарын алған және елдегі ротациядан да сытылып кеткен деп шағымданып отыр. «Ауыл халқының айтуынша, бос лауазым орнына өткен конкурста жеңген маманның шешімін жойып, туысын өткізіп жіберген» деп хабарлаған телеарна.

Осы мәселенің анық-қанығын анықтау үшін елді мекенге барған журналист Нұрлан Пайызов мектеп директоры Юсупжан Қорғанбаевтың өзінен сұхбат алған. Мектеп директоры өзінің 14 жылдан бері осы лауазымда отырғанын және мектепте қарындастарының жұмыс істейтінін растаған. 

«Жұмысқа мен директор болмай тұрып кірген қарындастарым бар. Менің мектеп директоры болғаныма 14 жыл болды. Қазіргі мұғалімдердің 80 пайызы менің қарындастарым», - дейді телеарнаға берген сұхбатында мектеп директоры.  

Телеарнаның ақпаратына сүйенсек, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев бұл мәселеден хабардар. Тойлыбаев телеарнаға мектеп директорлығына жаңа конкурс жарияланатын мәлім еткен.

«Білім бөлімінің басшысы 14 жыл  мектеп басқарған директорды орнынан алып тастауға қауқарсыз екенін мойындап отыр. Мәселені шешудің жалғыз жолы – ротация», - деп хабарлайды телеарна.

Редакция Түркістан облысы мен оқу-ағарту министрлігінен мәселенің мән-жайын анықтайды. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.