Бекшин: Алматыда коронавирустың одан әрі таралу жолы кесілді

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Бұл туралы Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Алматы бойынша 1578 адамның COVID-19 жұқтырғаны анықталды. Ал 8 мамыр күні коронавирус инфекциясын жұқтырған 108 жағдай тіркелді. Олардың 92%-ы жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың ішінен, 7%-ы скринингтен өткен кезде, 1%-ы медициналық көмекке жүгінген кезде жоспарлы емдеуге жатқызу алдында анықталған.

«Қазіргі таңда Алматыда профилактикалық скрининг әдісі енгізілгеннен бері, мысалы, өткен сәуір айында коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі тәулігіне 6%-дан аспағандықтан, қала экономикасы кезең-кезеңімен қалпына келтіріле бастады. Карантиннен қауіпсіз шығу үшін Алматыда инфекцияның жасырын ошақтарын белсенді анықтау мақсатында жаппай тестілеу жүргізілуде. Профилактикалық скрининг әдісінің берген тағы бір жақсы нәтижесі, 75% науқастың бойындағы қатерлі инфекция симптомсыз, өте жеңіл кезеңінде анықталды. Бұл, әрине, сырқаттың асқынуының алдын алады және науқастың тез сауығып кетуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл  скрининг бізге жасырын індет ошақтарын да жедел анықтауға көмектесіп жатыр», – деді Ж.Бекшин.

Оның айтуынша, инфекцияның одан әрі таралу жолы кесілген. Сонымен қатар ПЦР диагностикасының ауқымы кеңейтілген. Бастапқы кезеңде қалада ПЦР-тест жүргізетін 2 зертхана болған, ал қазір олардың саны 6-ға жетті. Алматыда осы уақытқа дейін жалпы 85 мыңға жуық адам коронавирус инфекциясын анықтау тестінен өтті, оның ішінде 61 мыңы ПЦР әдісімен, ал 24 мыңы эксперсс-тест тапсырған.

«ПЦР-диагностика қазіргідей сын шақта бізге ең сапалы әрі жедел, дәл нәтиже беріп отырғанын баса айта кетейін. Бұл індет қалада ең алғаш 13 наурызда тіркелгені белгілі. Ал қазір Алматы шарықтау шегінен өтті. Үйдегі індет ошақтарының саны және тұрғындар арасындағы науқастар көрсеткіші азайған. Бұл – профилактикалық скрининг әдісінің жемісі. Бұдан әрі де қауіпті індетті жұқтырғандар санын осылай дер шағында анықтап, оқшаулау және олармен тығыз байланыста болған адамдармен жұмыс істеу әдісін ұстанамыз. Бүгінгі таңда осындай жұмыстардың нәтижесінде науқастар санының күнделікті өсу қарқыны 27%-дан 5%-ға азайған. Яғни, эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Біздің ойымызша бұл көрсеткіш те бара-бара одан әрі төмендейді», – деді Жандарбек Бекшин.