Айыппұл көлемі 20-дан 120 АЕК-ке дейін
Педагогтердің шамадан тыс есеп беру мәселесін түбегейлі шешетін Бұйрық мамыр айынан бастап күшіне енді. Онда орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Бұдан былай мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден арылтатын заң жүзіндегі негіз пайда болды. Енді Министрлік бекіткен нақты тізім бар. «Педагог мәртебесі туралы» Заңға және Әкімшілік кодекске сәйкес, мұғалімдерден бекітілген тізімнен өзге құжаттар бойынша артық есепті талап еткендерді арнайы орган айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартуға болады», - деп жазды министр.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді пән мұғалімі күнделікті екі құжат толтырады. Біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады.
«Егер мұғалім жас педагогтің тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алатын болса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады. Егер мұғалім сынып жетекшісі болса, онда оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды, өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электрондық форматта хаттама толтырады, оқушылардың табельдерін толтырады және қажеттілігіне қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады», - деп жазды ол.
Сонымен қатар министр мектеп басшысы мен басшының орынбасарлары толтыратын маңызды құжаттардың да, колледж педагогтері толтыратын құжаттардың да нақты тізімі белгіленгенін атап өтті. Министрдің айтуынша, педагогтерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, ҚР БҒМ Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің аумақтық департаменттері ҚСжАЕК органдарында жоспардан тыс тексеруді тіркейді. Тексеруді ұйымға барып немесе қашықтан жүргізеді.
«Егер алғаш рет бұзушылық жасаған адам кінәсін мойындаса, Комитет және оның аумақтық органы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмайды, бірақ кінәлі адамға ескерту жасау туралы қаулы шығарады. Бұзушылыққа қайта жол берген адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады және әкімшілік айыппұл салынады. Оның көлемі 20-дан 120 АЕК-ке дейін», - деп жазды министр.