Астанада оқушыларды ұрып-соққан ұлдар «мектеп ішіндегі бақылауға» тап болды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы Астана қаласының білім басқармасы хабарлады

видеодан скриншот

Астанада Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясының оқушылары қатарластарына буллинг жасап, оны видеоға түсіргенін жазған едік. Оқиғаға қалалық білім басқармасы назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазір видеодағы оқушылардың жеке бастары анықталды. Мектеп басшылығы мен полиция инспекторы балалардың ата-аналарымен, оқушылардың өздерімен сөйлесті. Оқушылар сұралды. Төбелескен балалар мектеп ішіндегі бақылауға алынды», - деп хабарлады білім басқармасы. 

Осы орайда редакция «мектеп ішіндегі бақылау» деген түсініктің мән-жайын сұрады.

«Мектепішілік бақылауда аясында:

  • білім алушылардың қылмыстарын, құқық бұзушылықтарын, қоғамға жат әрекеттерін жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою бойынша профилактикалық жұмысты ұйымдастыру;
  • білім алушылардың ата-аналарының құқықтық мәдениетін және әлеуметтік-педагогикалық құзыреттілігін арттыру;
  • әлеуметтік қауіпті жағдайдағы балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын және демалысын қамтамасыз ету, кешенді әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
  • кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;

салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігін қалыптастыру шаралары өтеді», - деп нақтылады білім басқармасы.