«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов министрге сауал жолдады
Ресеймен шекараласып жатқан Атырау облысы Құрманғазы ауданында жол мәселесінің жылдар бойы шешілмеген соң, ауылдарына қатынау қиындаған халық көшіп жатыр. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов көлік министріне жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тамыз айында ауданның шалғай ауылдарында болып, халықты толғандырған мәселелермен жете танысып қайтқан Әділ Жұбанов министрге жолдаған сауалында елді мекендерге кіреберіс жолдар, ауыл ішінде жол салу, соның ішінде, Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтері мен аудан орталығын байланыстыратын автокөлік жолын салу мәселесі өте өзекті екені атап өткен.
Депутаттың айтуынша, Құрманғазы ауданының экономикалық, өндірістік, ауыл шаруашылық әлеуеті зор. Аудан мемлекеттік дәрежедегі инвестициялық және стратегиялық, туристік жобаларды жүзеге асыруға сұранып-ақ тұр. Құрылыс материалдарын шығаруға қажетті шикізат қоры да мол. Алайда осы туризм саласын, ауыл шаруашылығын дамытуға аудан инфрақұрылымының төмендігі кедергі келтіріп отыр.
«Құрманғазыда аудандық маңызы бар жолдардың 48 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Ал, ауыл ішіндегі жолдардың 28 пайызы ғана асфальтталған. Ауданға қарасты 49 ауылдың 9-ында ғана тас жол бар. Қалған тас жол салынбаған ауылдардағы 25 мыңға жуық тұрғын жол азабын тартумен келеді», - делінген депутаттық сауалда.
Әділ Жұбанов президент Атырауда өткен Ұлттық қоғамдық кеңес отырысында және соңғы Жолдауларында үкіметке шекара маңындағы аудандарды дамыту мәселесін тапсырғанын еске сала кетті.
«Ал Құрманғазы – Ресеймен шекараласып жатқан аудан. Бүгінде Құрманғазының шалғайдағы әрі Ресеймен шекаралас Сүйіндік, Балқұдық ауылдарына қатынастың қиындығынан елді мекендерде халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Қаңырап, бос қалған үйлер көп. Ауыл халқы үшін облыс орталығын қойып, аудан орталығы – Құрманғазыға жету мұң. Өкінішке орай, Азғыр бойы ауылдарының бүгінгі хал-ахуалы қиын жағдайда. Жол мәселесінің жылдар бойы шешілмеуі 6 мыңға жуық халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етіп отыр. Өйткені, Құрманғазы мен Азғыр ауылдарының арасын жалғайтын 250 шақырымдық жолмен жүрудің азабы көп. Медицина мамандарының тапшылығы, медициналық көмек алудың қиындығы, азық-түлік бағасының қымбаттығы секілді өзекті мәселелер де осы жол мәселесімен тікелей байланысты», - дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған аудандағы ауылдарға автокөлік жолын салуға қомақты қаражат қажет. Алайда, оған облыстық әкімдіктің мүмкіндігі жоқ, себебі бюджетте қаржы тапшы.
«Биыл жергілікті бюджет қаражаты толықтай су тасқынынан бүлінген әлеуметтік нысандарды, инженерлік-инфрақұрылымдарды қайта қалпына келтіруге, халыққа өтемақы төлеуге жұмсалды. Өңірге су тасқынының салдарын жоюға республикалық бюджеттен әзірге 4 млрд теңге ғана бөлінді. Оның, өзі зардап шеккен шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге өтемақы төлеуге жұмсалмақ», - дейді депутат.
Әділ Жұбанов ауданның экономикалық-инвестициялық, туристік әлеуетін ескеріп, республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуы қажет ұсыныстарын жолдады.
«Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтері мен аудан орталығын байланыстыратын автокөлік жолын салу және Бөкей ауданы арқылы Ресейдің Волгоград қаласымен байланыстыру мүмкіндігін қарастыру;
Құрманғазы ауданының тіректі әрі страгетиялық маңызды аудандары, бұрын тас жол салынбаған Ақкөл, Дыңғызыл, Орлы, Жаңаталап, Мақаш ауылдарына автокөлік жолдарын салу. Бұл осы ауылдарды мекен еткен 18 мың тұрғынның мәселесін шешеді. Атырау-Астрахань республикалық тас жолының бойына төрт түлік малға қарсы қоршау салу», - деді ол сөзін қорыта келе.