Күз басталғалы Астана және Алматы жолдарының кептелісі қанша есеге артты

Автор: Azattyq Rýhy

Зерттеуге Астана мен Алматы қалаларының ең жүктелген көшелері енгізілді

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Sergek ITS сарапшылары тамыз және қыркүйек айларында Астана мен Алматы қалаларындағы жол қозғалысы жағдайын зерттеді. Зерттеу нәтижесінде күз келгенде жүргізушілердің межелі жерге уақытында жетуі үшін жолға 30%-ға көбірек уақыт жоспарлауы қажеттігі анықталды. Бұл қыркүйек айында кейбір көшелерде көлік жылдамдығының 20-25%-ға төмендеуімен байланысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа оқу жылының басталуымен әдеттегідей таңғы қарбалас уақытта кейбір көшелерде тамыз айымен салыстырғанда көлік саны екі есе көбейген.

«Мәселен, 2 қыркүйек күні Астана қаласында таңғы 7:00-де Сарайшык көшесіндегі орташа жылдамдық 26 тамыздағы дүйсенбідегі көрсеткішпен салыстырғанда 20%-ға төмендеді. Бұл күні Сарайшық көшесіне 7,5 мың көлік орнына 11 мыңнан астам жүргізуші шыққан», - делінген хабарламада.

Ұқсас жағдай елордадағы басқа да негізгі даңғылдарда байқалды. Мәселен, Мәңгілік Ел даңғылына шыққан көліктер саны шамамен 40%-ға, ал Тұран даңғылында 30%-ға артқан.

«Алматы қаласында көлік қозғалысы ең көп жүктелген даңғылдар – Әл-Фараби және Абай даңғылдары болды. 2 қыркүйек күні таңертең батыс бағытта Әл-Фараби даңғылына 8 мың көлік орнына 11 мың көлік шығып, қозғалыс жылдамдығы 15%-ға төмендеген. Ал Абай даңғылында екі бағытта да 17 мың көлік орнына 23 мың көлік шығып, қозғалыс жылдамдығы бірден 25%-ға төмендеген», -делінген хабарламада.

Сонымен қатар Райымбек даңғылында (14%), Төле би көшесінде (20%) және Шығыс айналма жолында (14%) көлік санының өскені байқалған.

Осылайша, оқу жылы басталғанға дейін жүргізуші жолда шамамен бір сағат уақыт жұмсаса, қазіргі жылдамдық пен кептелістерді ескерсек, бұл уақыт шамамен 1 сағат 20 минутқа созылады.

Талдау барысында 26 тамыз бен 2 қыркүйек дүйсенбі күндеріндегі орташа қозғалыс жылдамдығы мен көлік саны сияқты параметрлер негізге алынды. Зерттеуге Астана мен Алматы қалаларының ең жүктелген көшелері енгізілді.

Еске сала кетейік, Sergek ITS (Intelligent Transportation System) – бұл қаладағы кептелістердің себептерін анықтауға, қоғамдық көлік үшін тиімді бағыттар мен кестелер құруға, қалалық инфрақұрылымды жоспарлауды өзгертуге, сондай-ақ адамдардың маятниктік көші-қонының себептерін түсінуге мүмкіндік беретін интеллектуалды көлік жүйесі.